Авторлық ертегі

Қазақмэннің бастан кешкендері (Ертегі)

Заманауи ертегі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде..." деп бастап жатқан әжесінің ертегісін немересі тыңдамай, әжесіне қызықсыз екенін айтып, орнынан тұрып кетті. Әжесі немересі Миланаға қандай ертегі айтарын білмей, дал болды. «Қаңбақ шал» ертегісін айта бастаса, «Суперменді» айта жөнеледі. «Қаңбақ шал» тасын алып тастаса, аспанға ұшып кететінін Милана «Суперменнің» қолын көтерсе, әуеге зу ете қалатынын баяндай жөнелді. «Ер Төстік» ертегісі дегенде «Капитан Американы», Ер Төстік қасына достар жинайтынын айтса, «Марвелдің» бәрі жиналған мультфильмді айтып, алдынан екі орап алмасы бар ма? 

Әжесі немерелері дүниеге келгенде, қалай қуанғанын білсеңіздер. Немерелеріне кеш қарайғанда ертегі айтып беремін деп ойлаған ойының күл-талқаны шықты. Үш ұйықтаса түсіне кірмейтін бұндай жайттың орын аларын білмеген еді. Енді не істемек? Әжесі қулыққа басып, өзі өткен кезді заманауи ертегі түрінде айтып бермесе болмайтынын түсініп, белін бекем буды. Келесі күні Милананы шақырып алып, әжесі ертегісін бастады.

«Баяғы өткен заманда өрмекші адам торсыз, жасыл адам түссіз кезде қазақ елінің Ботай деген теріскей жерінде Қазақмэн деген батыр өмір сүріпті. Батыр секунд сайын, минут сайын өседі екен. Бірақ бұған жұрт қатты алаңдапты. Себебі олай өссе, күн батқанша өмірден өтіп кетеді екен. Барлық жұрт ақылына ақыл қосса да, тоқтатар сырды таппапты. Ақыр аяғы ауылдан алыстау қоныстанған әулиеге барыпты. Әулие ұзақ ойланып:

- Айшылық алыс жерде, Алатаудың бөктерінде алма өседі. Бұл алма тек Алматыда ғана өседі. Басқа жерден таба алмайсың. Сол алманы жесе ғана, бойындағы сиқырлық кетеді, - деді. 

Сұрақтың шешімі табылғанына ауыл жұрты бір жағынан қуанып, бір жағынан мұңайып тұрған еді. Қуанғаны түсінікті. Неге мұңайып отыр десеңіз, Алатау мен Ботайдың арасы алыс. Не істемек керек? Аспанда ұшатын ұшақ, жүретін көлік те жоқ. Сол уақытта ауыл жұрты сиыр малын қолға үйретіп жүрген болатын. Сиыр жуас болғанмен, жүрісі сылбыр емес пе? Онымен жеткенше, жаяу барғаны анық. Сол кезде ауыл жұрты, неде болса, дала турларын қолға үйретіп, асауға тұсау салу керектігін айтты. Қазақмэн дала турларының өзен жағасына келіп, шөлін басар кезде, шап беріп біреуін ұстап алады. Дала қылқұйрығы ары тулап, бері тулап, кісінеген күйі тұра қалады. Қылқұйрыққа жүген, ноқта ойлап тауып, барлық жағдайын жасап, ең бірінші атқа қонған Қазақмэн болатын. Қазақмэн алыс жерге екі аттап емес, бес-алты аттағанда жеткен болатын. Қазақмэн Алатаудың бөктеріндегі алманы барған бетте жеп, бойындағы сиқыры кеткен кезде, Қазақмэн отыз жастан шақалақ күйіне түсіп кетті. 

Енді не істемек керек? Шақалақ баланы сол жердегі бөрілер тауып алып, бауырына басады. Бала өсе келе, көкжал бөрінің мінезін бойына сіңіріп, жаужүрекке айналып, төрткүл әлемге билігін жүргізеді. Ол қазақтың ұрпағы күні бүгінге дейін жетіп, Қазақстан деген мемлекет болып, жер-жаһанға атағымен таралды. Немерем, әр қазақтың жүрек түкпірінде Қазақмэн атты алып күш жатыр. Оны қуаттандырса, бар күшін көрсетеді. Оны ашуландырса, бәрінің ту-талапайын шығарады. Әр қазақтың төңірегінде тылсым күш жатыр»,- деп әжесі ертегісін аяқтайды. Сол кезде немересі Милана :"вот это сказка" деп таңғалысын жасыра алмады. Әжесі ішінен қазақтың таңғажайып туындылары елеусіз қалып бара жатқанына іштей күрсінді.  

Күн артынан күн өтіп, ай артынан ай жылжып уақытта зымырай берді. Әр нәрсенің қадірін біліп, пайымына жете білетін әжесі де бұл күнде жоқ. Милана бой жетіп, бұрымды аруға айналғалы қашан? Әжесінің сол кездегі ертегісі қатты әсер етіп, ойын өзгертіп еді. Қазақ халық ауыз әдебиетінің мол мұрасымен етене танысып, жиі-жиі оқитын. Әр оқыған ертегісінен өзінше ой түзетін. Сол кездегі ата-бабасының тұрмыс-жайын, күнкөріс қамын ойша қиялдайтын. Қиялдағаны соншалық, сол әлемге еніп кеткенін өзі де байқамай қалатын. Әдеттегідей қазақ ертегісін оқып отырып, ұйықтап кетеді. 

Көзін ашып қалса, бөгде әлем, бөлек жер. Не болғанын түсінбей, кішкене есеңгіреп қалады. Кең жайлау, арнауына сыймай жатқан өзен. Алдынан ағараңдап киіз үйлер көз тарта бастады. Неде болса, сол жаққа қарай беттеді. Қарапайым қазақы ауыл. Көшенің у-шуы да жоқ. Зымыраған көліктер, асыққан адамдардың орнында баяу тіршілік, қоңырқай күй. Ауыл халқы Миланаға бедірейе қарайды. Қарайтындай жөні де бар. Астында жыртық джинсы, үстінде кофтасы бар. Ал ауыл әйелдері бастарында орамал, үстерінде ұзын көйлек. Миланаға күліп қарап қояды. Қайдан білсін, болашақ ұрпақтары осылай жүретінін, осылай жүргендерге күліп емес, сән деп қарайтынын. Ауыл халқы Милананы еш жатырқамай қарсы алды. Себебі тілдері бір. Тілдері бір дегенім, ерсі көрінер, Милана аздап орысша араластырып сөйлейді. Ондай сөз естіп көрмеген халық қызды адасып жүрген дуана шығар деп жори салды. Дастарқан басына шақырып, дәм ұсынды. Дастарқанның үсті толған бауырсақ, сары май, балғын қаймақ, жаңа піскен жас марқаның еті, қымыз. Барлығы самсап тұр. Қандай табиғи өнім! Ешқандай қоспа жоқтығына Милана таңырқап қалды. Аста-төк асқа қарап көзі тойып қалды-ау деймін, тәбеті тартпай қойды. Бір кезде Миланаға сол үйдің қызы келіп амандасты. Аты – Жібек екен. Милана деп айтуды ерсі көрді ме екен, өзін Зере деп таныстырды. Милана деген атпен қалай жүргенін, естісе өзінің де күлкісі келгенін сезінді-ау. Мына әлемнен шыққан бетте атын бірден ауыстырып тастайтынына сенімді боп тұрды. 

Жібек ертең ауылда аламан той болатынын айтты. Ат шаптырып, көкпар тартып, ақындар айтысы мен балуандар күресі өтетінін түсіндіріп жатты. Милана тойдың дәл үстіне түскеніне өзі де риза боп қалды. Ертеңгі күнді тағатсыздана күтті. Қанша дегенмен, қалада жүріп мұның бірде-бірін көрмеп еді. Теледидардан айтыс болса, каналды ауыстырып жіберетінін еске түсіріп ұйықтап кетті.

Көзін ашса күн тас төбеде. Ауыл іші азан-қазан. Ат жарысты көрмек түгіл, жылқыларды жақыннан ұстап көрмеген Миланаға ат жарыс сондай қызық көрінді. Ат жарысты көріп отырған көрермендердің өзі де атпен шауып келе жатқандай, беріліп қарап отырғанын көрді. Өзінің де делебесі қозып, «алға», «алға» деп айғайлап қояды. Өзі оқыған ертегілерде Керқұла атты, «Ер Төстіктің» Шалқұйрығын еске түсірді. Шалқұйрықтың Ер Төстікті қандай қиын жағдайлардан алып шыққанын, аттың ер адамның сенімді серігі екенін тағы бір еске түсірді. Қазақ пен жылқының егіз ұғым екенін, екеуі де бұғауға көнбейтінін, еркіндікті жаны қалайтынын сезінді. 

Одан әрірек жүріп, көкпар тартқан көкпаршыларды көзі көрді. Астына қара ат мінген көкпаршы көк серкені тақымына қысып, оқ бойы озып шығып, серкені ауылдың ішіндегі киіз үйдің шаңырағынан ішке тастай салды. Жібектен сұрап еді, той-думан серке түскен үйде жалғасады екен. Серке түскен үйге бақ қонады екен-мыс. Милана Жібекке өздерінде көкпар ойыны ойнатылатынын, серкені қазандыққа салып, ұпай жинайтынын түсіндіріп еді. Жібек көкпар ойыны қазақтың ойыны болғанымен, одан да жоғары нәрсені, тылсым күшті аңғартатынын түсіндіріп әлек. Балуандар күресі басталды дегенге дүйім халық орталыққа қарай жинала бастады. Алпамсадай-алпамсадай, иықты жігіттер бір-бірімен күш сынасып, иық тіресіп жатыр екен. Қазақтың айбарлы, адуынды әрі азулы жігіттері жау келгенде қолына қару алып, ел қорғайтын батыр екені сөздері емес, істерінің өзі дәлелдеп тұрғандай.

Түс ауа Жібек пен Милана айтыскер ақындардың додасына келді. Бір-бірімен сөз таластырып, әдемі жырмен орайын тауып, қиыннан қиыстырған ақындардың шеберлігіне тәнті болды.  Сонымен, бүгінгі көрген бір күндік қызығы мың жылға татитынын түсінді. 

«Милана, қызым, тұра ғой» деген дауыстан селк ете қалды. Байқап қараса, түсі екен. Анасы жұмыстан келген екен. Күн батарда күнмен жағаласып ұйықтама деп қашанғы айтамын деп анасы бәйек  боп жүр екен. Ауыр ойдың астына бастырылып қалғанын енді сезді. Манадан бері көргені жай түс екеніне сенгісі келмеді. Анасына айтса сенбесін біліп тұр. Достарына айтса, ыржалаңдап күліп, өзін мазақ қылып тастайтыны тағы бар. Неге олар түсінбейді екен? Қазақтың әр ертегісін оқыса, қазақ халқының мол мұрасымен танысатынын неге түсінбейді екен? НЕГЕ? 

Милананың алдында енді екі таңдау пайда болды. Жазғы демалысты қайда өткізу деген. Жазғы демалыстың басталуы таяу арада. Түркияға барып, демалысын шетелде өткізгісі келген ойына ауылға бару деген ой да жарқ ете қалды. Ақыр аяғы соңғы шешімді таңдап, ауылға барамын деп шешті. Анасының ауылы сонау Тарбағатай бөктері, Алатаудың етегі. 

Анасы қызын ертіп, ауыл жақты бетке алды. Қаланың даңғаза шуынан ауылдың шаңына түсіп, қара жолдың шаңың қара машина бұрқыратып келеді. Екі сағаттың көлемінде ауылдағы інісінің үйіне жетіп барды. Анасы жұмысы барын, Милананы інісіне тапсырып, қаланың қойнауына асығып кетті.

Милана түсінде көрген ауылды көз алдына елестете алмады. Нағашысының балалары ер жетіп, есейген 7-8 жастағы балалар. Қолдарында бір-бір смартфон, әр түкпірде үңіліп, телефон шұқылап отырмасы бар ма? Киіз үй деген атымен жоқ, әр үйге газ, су келіп тұр. Қаладағы жағдайдан ауылдың жағдайы кем емес. Аты ауыл демесеңіз. Көз алдына қырда мал жайлап, асыр сап жүретін балалардың бірі де байқалмайды. Өзімен тетелес сіңлісі Айжанды қасына ертіп, ауылды бір шолып шықты. Көз алдына ауылды елестете алмай-ақ қойды.

Көңілі су сепкендей басылып қалғанын жүрегімен сезді. Ауылдан ауылды таппай қойды. Көңіліне кірбің ұялап, сол күні ала көңілі дауасын таппай мазасыз өткізді. Ертесіне ерте тұрып, салқын самал ауамен ауылды тағы аралап шықты. Ауылға бір өзгеріс керек деп ойлады. Қалай және қайдан бастарын білмей дал болды. Айжанға ойын айтып еді, қозғала қояр түгі жоқ. Неде болса өзі бастады. Қораның ішіндегі ескі-құсқы заттардың арасынан киіз үйдің бұйымдарын тауып алып, құра бастады. Нағашысы жиенінің ісін байқап қалып, киіз үйді бір-екі сағаттың ішінде жабылып жүріп, екі-үш адам әзер құрып бітті. Баяғы заманда көшпелі  адамдар киіз үйді қалай тез құрған екен деп қауқылдасып қояды. Киіз үйдің ішіне текемет, кілем, көрпелерін төсеп тастап, адам танымастай қылып өзгертіп тастады. Сіңлілері мен жиендері ішіне кіріп, ішіндегі арыстандары  шыққанша алысқандарын айтсаңшы. Сол күні бір қызықты шаруа киіз үйге байланысты өтті. Келесі күні Милана атқа қорқып мінбей қойып еді, артынан кейін үйреніп, аттан түспей қойды. Әр қазақ аттың үстіне шықса айбаттанып кететінін сол кезде сезінді. Паңданып, жан-жағына масаттана қарады. Ауылдағы күнделікті тірліктері өзенге барып шомылып, таңнан кешке дейін бар күнді ойынмен өткізді.

Ауылдағы күндері кезекпен кезек өтіп жатты. Нағашысымен бірге балыққа, бірде қырға шығып, бар уақытын далада өткізеді. Қаланың қызына күн ұзақ жүру деген әлемді шарлап шығумен тең емес пе? Кешке қарай тамағын да ішпестен, қылжия қалады. Балалықтың бал дәуренін ауылда өткізу деген қандай рахат! 

Бір күні Милананың құлағына ауылда қазына жасырылған деген сыбыс жетеді. Сіңлісі Айжанға айтып еді. Айжанда онысын құптады, тіпті картасы да барын көрсетті. Картаны көрсетіп еді, Милана бірден картаға үңіліп кетті. Ауылдың сызбасынан басқа ешқандай белгі жоқ. Не істемек керек? Бір үңілгенде ешнәрсе көрінбеуі мүмкін. Екінші мәрте анығырақ қарағанда, сырдың құпиясы ашылудың алдында тұр еді. Ауылдың шетіндегі ескі үйге «х» белгісі қойылыпты. Үйден сол жаққа бұрылған бетте он қадам алдыға жүрсең, алдыңнан қара ағаш шығады. Қара ағаштың түбі мен үйдің арасы қызыл жолақпен, басқа жерлер қара жолақпен белгіленіпті. Мұны тез аңғара қойған Милана дереу сол үйге сіңлісі Айжан мен күрегін алып жүгіре кетті. Ауыл шетіндегі кәрі ағаштың жанын қазып еді. Топырағы жұмсақ, жақын арада қазылған сияқты. Дереу іске кірісіп, қаза бастады. Бір кезде күректің сабы темірге тигендей «тақ» ете қалды. Қуаныштан сөйлей алмай қалып, одан әрі қаза бастады. Қазып қараса «қызыл қобдиша» екен. Қуанғаннан екеуі де айғайлап жіберді. Енді өзіңде ойланып көрші, ауылдың шетінен қазына тауып алсаң қандай сезімде боласың? Дереу ішін ашып қараса «Сен алдандың» деген сөз шыға келмесі бар ма? Айжан қарқылдап күліп жіберді. Милана болса әлі ешнәрсе түсінер емес. Сөйтсе, нағашысы әдейі сондай сыбыс таратып, Милананы қызықтырып, қобдиша тығып қойған екен. Бұны Миланадан басқасының бәрі біледі екен. Үйге келгенде нағашысы: 

- Қазынаны таптың ба? - деп мәз боп тұр екен. 

Милана сол күні алданғанына ызаланып, ерте жатып қалды. Бұл алданғаны оның есінен ешқашанда кетпейтіндей болып қалғанда шығар. Нағашасына ренжігенімен, көңілі көтерілу үшін істеген ойынын басқаша қабылдағанымен, кейін қалада сол оқиғаны күліп еске алатынын сезбеген де шығар.

Ауылдағы күндері ертегіге толы өткенімен, демалыстың да уақыты таяп қалған еді. Ауылға қаладан анасы келіп, Милананы алып кетті. Милана ауылдан кеткісі келмей, қимастықпен сағына қарап, келесі жылы қайтып келемін деп көзі айтып тұрған еді. Ауылдан кеткенше машинаның терезесінен үйлерге қараумен болды. Әр үйі – бір тарих. Қаншама қызықты күндер өткен ауылы қимастықпен шығарып салды. Қаладағы тірлікке араласып, бірден құрбыларына хабарласып, мектепке жеткенше бар қызықты телефоннан айтумен болды. Әрбір күнін бір күн әңгімелеп, құрбыларын ауылға бармағандарына өкіндіріп қоймасы бар ма? 

Анасына бір күні көрген түсін айтып берді. Қазақы ауылға түсіп кетіп, ауылдың тыныс-тіршілігін сезінгенін баяндап берді. Сол себепті ауылға барып, сол өмірді қайта көргісі келгенін де жасырмады. Бірақ, оның бірде-бірі қалмағанын, ауылдың да өзгеріп кеткенін айтты. Анасы қызына: «Қазір жиырма бірінші ғасыр, қызым. Ол кездегі дәурен енді қайтып келмейді. Ол кездерді сурет пен көркем шығармадан ғана көре аласың. Оны қайтып артқа айналдыратын уақыт машинасы да жоқ. Болашақта мүлде басқаша болады. Сондықтан, қызым, әлсін-әлсін кітап оқып тұр. Ол сені сол әлемге бастап алып барады. Кейін бой жеткенде бұдан да көлемді шығармалар оқып, өзіңді-өзін дамытасың. Басқа да тұрмыстарын көресің. Сенің ақылың толыстыпты. Мен сенімен мақтанамын» деп анасы сөзін аяқтады. Милана осылай өзінің өмірін түбегейлі өзгерткен әжесінің ертегісін еске алды. Ішінде Қазақмэні ояна бастағандай. Кімде-кім қазақтың салт-дәстүрін мазақ қылса, соны жөнге салатын, қазақтың тілін қорласа, көзіне көк шыбын үймелетіндей күш-қуаты бойында пайда болды.

Бірінші қоңырау шыр етіп, оқушылар жаңа оқу жылына қадам басты. Алғашқы сабақты барлығы маужырап өткізгендері жаздың әсерінен болғаны дейік. Қанша дегенмен демалысқа үйреніп қалған бастар сабақтың әңгімесін тыңдаса шекелері тырысып, маңдайлары солқылдап кетті. Қазақ тілі сабағының мұғалімі жас апай болатын. Есімі Гүлмира Амангелдіқызы болатын. Гүлмира апайы жаз мезгілін қалай өткіздің деген сұраққа әңгіме жазуып келуді тапсырды. Милана еш ойланбастан түсінде көргеннен ауылдағы болған барлық оқиғаны тізіп айтып берді. Еш боямасыз, таза не болғанын алып-қоспай суреттеп берді. Апайы шығармасын бір оқыды да, бірдене жазғандай болды. Онысы ескертпе болу керек. Дәптерін апайдан алып қараса, «Ертегіні жақсы жазады екенсің» деп жазып қойыпты. Ішінен жылағысы келіп, тұнжырап қалды. Апайы да сенбеді. Тым құрығанда мені қазақ тілінен беретін апай түсінер деп ойлап еді. Онысы қате болыпты. Сонда, қазақ ертегілеріне сенетін әжемнен кейін мен ғана қалдым ба деген ой маза бермей қойды. Милана үн-түнсіз, мелшиіп қалды. Достарым, сендер Миланаға сенесіңдер ме? Әлде мұның бәрі ертегі деп ойлайсыңдар ма? Таңдау еркі өздеріңде, жас достарым!