Саясат
Түсіндіру
Азаттық тілшісі Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа қойған сұрағына 2,5 айдан соң жауап алды.
Тамыздың соңында қала әкімімен өткен қоғамдық жиында Азаттық журналисі Манас Қайыртайұлы ашық микрофонда «полиция «Оян, Қазақстан» азаматтық ұйымының белсенділерін үйінен әкетіп жатқандығы» туралы сауал жолдаған болатын. Шаһар басшысы Сағынтаев сұрақ қойған тілшіге мән берместен «жақсы, болды ма?» деп, назар аудармаған сыңай танытқан. Жиын соңында журналистің қайталап сұрауына «сосын, сосын» деген еді. Конституция күні қарсаңында оянқазақстандық жастар жариялаған бейбіт шеруге қатысты құқық қорғау органдары «түсіндіру жұмысын» әртүрлі жағдайда жүргізгені есімізде.
Бостандық ауданының 700-ге тарта тұрғынымен өткен кездесуде қала басшысы азаматтардың санына таңғалып «мұнда Алатау ауданына қарағанда сұрақ көп сияқты» деп езу тартқан. 100-ге тарта тұрғынның сауалына алғысын айтқан Сағынтаев Азаттық тілшісіне ләм-мим демей кетті.
Міне, арада 71 күн өткен соң, 8 қараша мөрленген орыс тіліндегі жауап хаты кеңсеге қарашаның 14-і келген. Бір қызығы, мемлекеттік мекеме мемлекеттік тілде жолданған сауалға орыс тілінде жауап берген.
Әлеуметтік желіде жарияланған жауап хатта «Құқық қорғау органдары «Оян, Қазақстан» белсенділерін істің заңды-заңсыздығын анықтау және дәлелдерді тергеу мақсатында шақырады. Сондай-ақ ұстау үшін емес, заңдық нормаларды бұзбас үшін әңгімелесу-түсіндіру жұмысына шақырылады» делінген. Жауап хат Бостандық ауданы әкімінің аппарат басшысы Батима Алиярованың атынан жазылған.
Тілші Манас Қайыртайұлына келген "әкімдіктің кешіккен хаты". Фото: журналистің facebook парақшасынан
Қазақстандағы БАҚ мен мекемелер арасындағы коммуникациялық қатынас тәртібі бойынша, жауапкер тарап ұзақ дегенде 15 күн ішінде жауап беруі тиіс. 1999 жылы 23 шілдеде қабылданған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» №451 заңының 2017 жылғы 28 жетоқсандағы жаңа редакциясына сәйкес, 4-тарауындағы («Бұқаралық ақпарат құралдарының азаматтармен және ұйымдармен қатынасы») 18-баптың («Ресми хабарлар» туралы) 3-тармағында көрсетілгендей БАҚ сұрауын жауап беруші тарап (мекеме, ұйым...) тіркелген күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей жауап беруге міндетті. Ал жауап беруге қосымша зерделеу-тексеру жұмыстары қажет болған жағдайда «қарау мерзімін ақпарат иеленушінің басшысы күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге бір мәрте ұзартуы мүмкін». Заң осылай дегенімен, көз алдымыздағы жағдай басқаша. Ұзағанда 15 күнді көздейтін заң елеусіз қалып, Арысты қалпына келтірер уақытта жауап хат келді.
Құқық қорғаушылар «әкімдіктің кешіккен хатына» байланысты заңда көрсетілген мерзімнен кешіктіру, қазақ тілінде жолданған сауалға орысша жауап беру – заң бұзушылық екенін айтады.
Мұндай жағдай отандық БАҚ-тың күнделікті қызметіне тән дүние. Құқықтық талабы зор әрі азаматтық ұстанымына берік әріптестер (журналистер) осы тәрізді «ақжағалылардың енжарлығынан» әбден қажығанын айтады. Әдетте Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ әрдайым бейресми және ресми кедергілерге ұшырап отырады. Бізде БАҚ құқықтарын қамтамасыз ететін міндеттемелер өте баяу жүретіні жасырын емес.