Weekend

Шымкенттің көрікті мекені: Дендросаябақ жайлы не білеміз?

Шөлдегі оазис

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шымкент қаласы, әсіресе, облысты білікті басшы, мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров басқарған жылдары көркейіп, көріктене түсті. Ел мен жер үшін, қарапайым халықтың игілігі үшін Асқаров жасаған жасампаз бастамалар көп. Оңтүстік Қазақстанда да, Шымкент қаласында да. Солардың бірі – дендросаябақ.

Бұл дендросаябақты жасау жұмысы 1978 жылы басталған. Әуелден-ақ ол шаһардың ғана емес, бүкіл облыс жұртшылығының және келім-кетім меймандардың айманкөз аймағына айналған. Бірте-бірте Шымкент дендросаябағының дүрілдеген даңқы дүйім дүние жұртына жайылып, ел-елдерді аралап кете барған.

Шымкент дендросаябағы алқапта ғайыптан пайда болған ғажайып еді. Республиканың түкпір-түкпірінен, бүкіл Кеңес Одағынан, алыстағы шетелден келетіндер қайран қала таңырқайтын. Құрметті қонақтар қуана-қуана көшеттер отырғызатын.

Кезінде Кеңес Одағының машина жасау министрі, екі мәрте Социалистік Еңбек ері былай деп жазыпты: Мына дендросаябақтарыңыз бос жатқан жерде, былайша айтқанда, Қазақстанның түстігіндегі шөлейтте жасалған екен. Мұндай өңірде ағаштың кез келген түрінің өсіп-өнуі азап қой. Әлемнің әр түкпірінде және ауа райы әрқалай жерлерінде тіршілік ететін 1400 ағаш түрінің ойдағыдай өсіп-өнуіне сену қиын. Бірақ көзің көріп, қолың ұстаған соң, сенбеске хақың жоқ».

Жалпы көлемі 149 гектардай алқапқа қанат жайған дендросаябақ Қиыр Шығыс пен Сібір аймағынан, Солтүстік Америка аймағынан, Альпі аймағынан, Орталық Азия – Қазақстан аймағынан, Еуропа-Қырым-Қапқаз аймағынан және Қылқан жапырақты ағаштар аймағынан тұрады.

Шымкент шаһары үшін қос өкпенің біріндей рөл атқаратын, таза ауамен тыныстаудың қайнар көзі саналатын дендросаябақ бүгінде қайта күрделі жөндеуден өтіп, тың тынысты құрылыстар салынып, жасыл желектері жаңғыртылуы зор маңызды іс болды.

Өткен ғасырдың 80-жылдарында Шымкентте дендросаябақпен бірге айтулы атшабар (ипподром), хайуанаттар паркі, балалар теміржолы пайда болды. Осылар және басқа да түрлі объектілер шаһардың шырайына шырай қосты.