Авторлық ертегі
Ертегілер әлемі
Ерте, ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде бір жас жігіт болыпты. Бірде ол үйге келіп, ата-анасына үйленгім келеді дейді. Сөйтіп бата сұрайды.
- Тамаша, ұлым, - деп қатты қуанады әкесі, бірақ былай деп шарт қояды:
- Егер сен өз еңбегіңмен алтын тауып әкелсең, сонда ғана батамды беремін, - дейді.
Жас жігіт алтынды оңай табамын деп ойлайды. Өйткені оның қолында бұрыннан бері сақтап жүрген бір алтын тиыны бар болатын. Соны беріп, батамды аламын деп ойлады.
Ертеңінде сол алтын тиынды алып әкесіне келеді. Әкесі алтын тиынға қарап тұрып, оны өзенге лақтырып жібереді.
- Ал, әке, енді маған үйлену үшін бата бересің бе? - деп сұрайды баласы.
- Жоқ, балам. Мен саған бұл алтын тиынды өз еңбек-теріңмен тауып әкелген жоқсың, - дейді әкесі.
Жігіт басын изеп, қайта қайтады. Ішінен бұл алтынды еңбек етіп таппағанымды қалай біліп қойды деп таңқалады.
Ертеңінде анасынан тағы бір алтын тиын сұрап алып әкесіне апарады. Әкесі оны да өзенге лақтырып жібереді. Жігіт бұған таңқалып:
- Неге лақтырып жібердіңіз? Сіз сұрағандай, алтын тиын әкеліп бердім ғой, әке, - дейді баласы.
- Сен бұл ақшаны еңбекпен тапқан жоқсын, - дейді тағы да әкесі.
Енді жас жігіттің еңсесі түсе бастады. Әкесінің көңілін таба алмаймын, үйлене алмаймын деп ойлайды.
Сөйтіп жұмыс тауып, алтын тиын тапқысы келді. Көп күн жұмыс істеп, әйтеуір, бір пақыр тиынды алып әкесіне жетеді.
Әкесі ол тиынды өзенге лақтырмақ болғанда, жас жігіт оған шыдай алмай, әкесінің қолына жармаса түседі.
- Жоқ, әке! Мен бұл тиынды табу үшін көп еңбектендім, тер төктім. Соның ақысы, оны сіз қалайша лақтыра салғалы тұрсыз, - деп жыламсырайды.
Сонда ғана әкесі баласына риза болып:
- Енді, балам, отбасыңды құруға саған батамды беремін, - дейді әкесі.
Сонда ғана жас жігіт отбасы болу үшін еңбек ету керектігін, жанұясын асырау үшін жұмыс жасау қажеттігін түсінген екен.
Ақшаның құнын біліп, әр тиынды мөлшерді түрде жұмсаған.