Жер бетінде өтірікті адамнан артық кім айтады? Әрине, ешкім. Өтірік айту, екіжүзділік – бүгінгі қоғамға тән нәрсе. Алайда адамзат «өтірікті» ресми мойындап үлгермеді. Сірә, оны мойындау керек емес те шығар. Жалпы өтірік айтудың зияны мен кей жағдайлардағы пайдасын ескерсек, өтіріктің арты қоғамды неге апарады?
«Психология лжи» кітабының авторы америкалық Пол Экман «өтірік айту» турасында өтірік тек ақиқатты бұрмалау (жалған ақпарат беру) емес, сондай-ақ ол белгілі бір жағдайда үндемей қалу (шындықты жасыру) дейді. Тек қана шындыққа негізделген қоғам жоқ. Мәселен, тергеушінің күдіктіге барлық тергеу жұмыстарын айтып беруі, ал мәмілегер өз әріптестеріне мемлекеттік құпияны жайып салуы қалай мүмкін емес болса, өтіріксіз қоғамның өмір сүруі де солай мүмкін емес. Сол себепті де ешқайсымыз өзімізге шындықты айтуды, одан басқаны мойындамауды міндеттемейміз.
Ненің шын, ненің өтірік екенін қалай аңғарамыз? Негізі адамның өтірік я шын сөйлеп жатқанын психологиялық тұрғыдан қарасастырғанда шынайылықты адамның сөзінен емес, даусынан аңғаруға болады. Адам өтірік айтып отырып көп кідіріс жасайды немесе үзілістер үздіксіз қайталана береді. Сондай-ақ сұраққа жауап берердің алдында оның әңгімесінде кедергілер байқалады, сөйлеу барысында сан алуан қателер жіберіп отырады және дыбыс қайталаулар мен қайсыбір одағай сөздерді жиі пайдаланады: «ммм..», «жаңағы...», «мен, мен, менің айтпағым...» Әрине, адам шынайы өмірде орын алған жағдайға байланысты әрекет етеді.
Кейде қанша жерден ақылды болғанымен, көп нәрсені аңғармай қалуы мүмкін. Жалпы алғанда адам баласының даусының өзгерген-өзгермегенін аңғару қиындау. Егер адам өзінің бойындағы қорқынышты жасырғысы келсе, онда оның дауыс ырғағы жоғарылайды, сөйлеу қарқыны шапшаңдайды. Шындығында адамның жалған немесе шын сөйлеп жатқанын аңғару үшін адам өз бойындағы байқампаздықты жетілдіруі керек. «Алданбаймын» деген адамды да алдап кетуге болады.
З.Фрейд: «Айналасын көруге көзі бар, айналасын естуге құлағы бар бір де бір тірі жан құпияны сақтай алмайтынына көзіңізді жеткізсеңіз болады. Ерні жыбырлап, сөйлемеген күннің өзінде де оның саусақтары қимылдайды. Өтіріктің белгілері оның терісіндегі әрбір ұсақ тесіктерден байқалмақ», – депті.
Америкалықтардың «Саясаткер ерні жыбырлаған кезде-ақ жалған сөйлейді» деген қызық әзілі бар екен. Соған қарамастан біз әрқашан бір-бірімізден шындық пен адалдықты күтеміз. Арасында өзгенің де өзімізді алдауына жол беріп жататынымыз тағы бар. Ең бастысы, қалай болғанда да бір-бірімізге деген сенімді жоғалтып алмау. Сенім – адамдар арасындағы қарым-қатынасты сақтайтын басты құрал.