Саясат

Путиннің күзетшісі Кремльдің кезекті князі бола ала ма? – шетелдік БАҚ болжамы

Дитранзиттің квадратталуы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Швейцариялық Neue Zürcher Zeitung басылымы 2027 жылға дейінгі Ресейдің саяси өміріне сарапшылар болжамын келтірді.

Күнделікті жарық көретін «Цюрихтің жаңа газеті» басылымы Путин 2000 жылдары Ресейдегі «ең қуатты әрі ықпалды» адам болды деп бағалайды. Неміс газеті «Кремльді Путинсіз елестетудің өзі қиын» екенін, бірақ уақыттың тақағанын айтады.

240 жылдық тарихы бар басылым «Путин отставкаға кетсе ше?» деген сауалға:  

- Біздің сценарий бойынша, 2027 жылы Кремльдің кезекті әміршісі Тула облысының қазіргі губернаторы Алексей Дюмин болады. Ол президент аппаратының қауіпсіздік бөлімінде 20 жылдан астам уақыт мансап жолын қалыптастырған Путиннің жақын серігі, – деген долбармен жауап береді. 

Бір қызығы, Дюмин еңбек жолын Путиннің оққағар-күзетшісі ретінде бастаған.
Сондай-ақ 2024 жылы Владимир Путин президент қызметінен кетіп, үкімет пен Қауіпсіздік кеңесінің басшысы болады деседі.

- Дюмин ұзақ жылдар бойы Путинмен бірге болды және оның жеке басы қауіпсіздігіне жауап берді. Бұл оған тез өсуіне мүмкіндік туғызды, – дейді Цюрих сарапшылары.

Басылым болжауына қарағанда, «ол экс-президенттен гөрі қоғамда патриоттық, милитаристік рухты қалыптастыруға және сыртқы жаулардан қорғануға көп көңіл бөледі-міс».  Тіпті постпутиндік президент «жүйемен айналыспайды, бірақ оны өз мақсатына пайдалануға тырысатыны» сөз болған. Ақыр соңында Мәскеу билеушісі «эпигон болғандықтан, Путиннен әлдеқайда осал» деген диагноз жасалған.

Ең бастысы, державаның саяси өмірінің жалғасы туралы сараптамада әртүрлі бағаланатын былтырғы қазақстандық «билік транзитіне» параллель қызық ой айтылады. Конституцияға бірқатар маңызды түзету енгізу арқылы Путин қазіргі Назарбаевтың позициясында Қауіпсіздік кеңесінің төрағалақ тізгінін өз қолына алады. 

- Негізгі кадрлық тағайындаулар, сыртқы және қауіпсіздік саясатына қатысты түпкілікті-соңғы шешім экс-президент Путин келісімімен ғана жүзеге асады, – деп қорытады.

Көрші елде де «Путин – Назарбаев, Дюмин – Тоқаев» аналогы болуы ықтимал деген долбардың қаншалық расқа шығатыны уақыт еншісінде.

Бұған дейін Le Point француз апталығы да «Путин Дюминді ұлындай тәрбиелейді» деген тақырыпта осы мәндегі болжамын жасап еді.