Саясат
Террористер көсемі түркімен азаматы
«Ислам халифатын» құруды көздейтін ДАИШ радикалды лаңкестік ұйымының жаңа жетекшісі туралы ақпарат тарады. Арнайы қызмет дерегін алға тартқан британдық The Guardian күнделікті басылымының хабарлауынша, жаңа террор-жетекшінің аты-жөні - Әмір Мұхаммед Әбдул Рахман әл-Мәули әс-Сәлби.
Басылым оны ДАИШ-тің негізін қалаған ең ықпалды ұйым идеологының бірі әрі Ирактағы азшылық язидтарға басшылық етіп отырған, әлемдегі ұйым операцияларын жүргізуші координатор фигура ретінде сипаттайды. Газеттің жазуынша, ол былтыр қазан айында террористік топтың экс-көсемі Әбу Бәкір әл-Бағдади өлтірілген бойда ұйымды басқаруды өз қолына алған.
Сондай-ақ үш ай ішінде аймақтық және батыс тыңшылары Әмір Мұхаммедтің тұлғасын анықтауға тырысқан. Ол Ирактағы Тал Афар қаласында түркімен отбасында дүниеге келген. Жаңа жетекші ДАИШ басшылығындағы араб емес азшылықтың бірі болып саналады-мыс.
Кейбір деректерге қарағанда, оны Абдулла Қажы немесе Абдулла Кардаш лақап атымен атайтын көрінеді. Оның Мосул университетінің шариғат заңы бойынша білімі бар деседі. 2004 жылы АҚШ әскерилері Ирактың оңтүстігіндегі Камп Букка түрмесіне қамаған, онда Бағдадимен кездескен делінеді.
Аймақтағы ахуал туралы «Ирактағы ДАИШ мүшелері әлі күнге дейін айлық жалақы алады және шалғай таулы аймақтарда жаттығу шараларын жүргізіп келеді» дейді.
АҚШ билігі Әмір Мұхаммедті мен террористік топтағы өзге жетекшілерді ұстауға мүмкіндік беретін ақпарат үшін бес миллион доллар көлемінде сыйақы тағайындады.
Арнайы қызмет өкілдері террористік топ жетекшісінің нақты қайда екенін білмейді. Болжам бойынша, ол Ирактың Мосул қаласының батысындағы кішігірім қалалардың бірінде жасырынып жүрген болуы мүмкін.
Қазіргі таңда лаңкестік ұйымға қатысты деген күдікпен Сирия түрмесінде 2000-ға тарта шетелдік, көбі еуропалық тұтқындар бар.