Экономика
Қазақстанда айлығы 240 мың теңгеден аз жұмысшылардың табыс салығы азаяды
Сенатта өткен «Салық саясаты мен салықтық әкімшілікті жетілдірудің концептуалдық мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстелде бұл туралы ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Азамат Әмрин мәлім етті.
«Алдыңғы жылдардағы жалақы бойынша деректер негізінде мөлшерлемелер шкаласы әзірленді. Ол жылына 720 мың теңгеге (айына 60 мың теңге) дейін кірісі барларға жеке табыс салығын (ЖТС) нөлдік мөлшерлемемен, жылына 720 мыңнан 2,4 млн теңгеге дейін, кірісі барларға 15 пайыздық мөлшерлеме бойынша, 2,4 млн теңгеден 3,6 млн теңгеге дейін, кірісі бар адамдарға 17 пайыздық мөлшерлеме бойынша және жылына 3,6 млн теңгеден астам кірісі барларға 20 пайыздық мөлшерлеме бойынша салық салуды болжайды. Мұндай тәсілді енгізсек 4,6 млн азамат үшін жүктеме азаяды. Олардың 3 миллионға жуығы ЖТС төлеуден босатылады. Яғни олар - еңбекақысы 100 000 теңгеге дейінгі қызметкерлер. Тұтастай алғанда жалақысы 240 мың теңгеге дейінгі барлық азаматтарға қатысты ЖТС айтарлықтай төмендейді», - дейді ол.
Департамент директорының айтуынша, салық жүктемесі 250-ден 300 мың теңгеге дейінгі еңбекақысы бар шамамен 300 мың адамға ЖТС мөлшері бұрынғы деңгейде қалады.
«Салық жүктемесінің 50 пайызға жуық ұлғаюы 500 мың теңгеден астам еңбекақы алатын 190 мыңға жуық қызметкерге тиесілі. ЖТС салудың прогрессивті шкаласын енгізуден бюджетке қосымша түсімдер 54,8 млрд теңгені құрайды», - дейді Азамат Әмрин.