Саясат
Көк жәшіктен келген "кесел"
Қай телеарнаны қоссаң да шоу мен концерт, ән мен әнші «тарихы», қысқасы, даңғаза мен дақпыртты дәріптеуге бағытталған бағдарламаларға тұнып тұр. Соның нәтижесінде ілім-білім арттыратын танымдық басылымдардан гөрі шоу бизнестің шашбауын көтеретін, әншінің жеке тағдырына тамыр таратып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізетін сайттардың мерейі үстем.
Қазақ қоғамының көп бөлігі неге қызығатынын білу үшін әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз жеткілікті. Youtube әлеуметтік желісінде трендте тұрған тақырыптар сериал болса, ал инстаграмда жердегі «жұлдыздарға» жазылушылар милионнан асып жығылады. Біреудің өмірін бағып жүріп, өз өмірінің өтіп кететініне бұл жұрт қайғырмай ма деген ой туады кейде. Хош, телеарналардан беріліп жатқан мұндай шоудың ақыры неге апарады? Ұрпағына теледидарды тәрбиеші еткен жұмысбасты ата-аналардың баласы аппақ парақтай санасына «жұлдыз» болу арманын «сканерлеп» алады. Содан келешекте «жұртым үшін мынадай іс жасаймын», «ұлтым үшін харекет қыламын» дейтін баланы аспаннан іздерміз. Билікті өзгерту қолымызда тұрған дүние емес екен. Бірақ, осы салада қызмет істейтін аға буын мұның ақыры жақсылыққа апармасын білуі керек еді ғой. Даңғыл бағыты, ұлттық ұстанымы жоқ ұлтты дүбәрә қылу оңай. Неге эфирге инженерлер, қарапайым құрылысшылар, транспорт, энергетика, машина жасау саласында қызмет жасайтындар келіп, өз істері туралы егжей-тегжейлі баяндап бермейді? Неге телеарналарға сондай адамдарды шақырып өскелең ұрпақтың дұрыс жол таңдауына жағдай жасамасқа?! «Мемлекетімізді шетелге танытып жатыр» деген даурықпаның жалған екенін мойындайтын кез жетті. Шетелді технологияңмен, зәулім ғимараттарыңмен, техникаңмен мойындатасың. Мемлекетті мемлекеттің мойындауы үшін қажет шарт бар. Ол – оған қажеттілік тудырту. Неге Американы әлем мойындайды? Өйткені, Google, Facebook, Apple, Intel, IBM және Microsoft сынды озық технологиялардың отаны. Ең әрісі, тілінің өзіне осы техникамен қажеттілік тудыртып қойған. Өзіміз бен өзгеге пайдалы өмір сүрудің жолы – осы. Ұрпақтарымыздың санасын шу мен шоумен уламай, дұрыс жол таңдауына жәрдемдесейік. Ел боламын десең, экраныңды түзе!