Саясат
«Онлайн Бессмертный полк»
9 мамыр сайын Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің көзі тірілеріне құрмет көрсетіп, құрбандарын еске алатын дәстүр бар еді. Енді оған «Бессмертный полк» дейтін қосылды. Өткен жылы Алматы мен Астанада осы шеруге ұзын-ырғасы 140 мың адам қатысыпты.
Бұл - біз үшін бөтен дәстүр. Біреулер білмей шықты. Ал енді біреулері біліп тұрып, білгенін істеді. Ал бұған біздің билік мақұлдық көрсетті. «Мәңгілік полк», «Мәңгі өлмес полк», «Жаужүрек полк» деп атауын тоқсан түрлі өзгертіп алғаны да рас. Одан өзгеріп кеткен дүниені көрмедік. Иә, біреулер өздерінің майданда мерт болған аталарының суреттерін ұстап жүрді. Ал біреулері баяғыда-ақ, қаңқасы құлаған Советтің қан қызыл жалауын желбіретіп, аталарымен бірге қандықол қасапшы Иосиф Сталиннің портретін төбелеріне көтерді. Тәуелсіздігін жариялаған мемлекет үшін бұдан өткен басыну бар ма?!
«Бессмертный полк». Бұл жеті-сегіз жыл бұрын орыстар ойлап тапқан бейсаяси акция еді. Бүгінде бүтін бір елдің идеологиялық қаруына айналды. Әсіресе, Кремль Қырымды аннекциялаған соң, «Бессмертный полк» және осы тектес акциялар орыс әлемінің пропогандалық саясатының бір бөлшегі cаналатын болды.
Орыстағы онлайн шеру
Ал биыл covid-19 пандемиясына байланысты аталған шара Ресейде онлайн форматта өтетін болды. Мәскеудегі 200-ден аса лэд-экранда, ОККО онлайн-кинотеатрында, сондай-ақ «Бессмертный полк Россия» порталында онлайн режимде өткізілетіні айтылды.
Осы ақпарат тарағалы арада аз уақыт өткенде, Қазақстанда да онлайн шеру өтетіні белгілі болды. Кімдер өткізбек?
Бізде де «Онлайн Бессмертный полк» өтеді
«Tengrinews.kz», «Massaget.kz», «Salem Social Media», «Aitube.kz» ұжымы және «Жұлдыз FM» радиостансасы бірігіп, «Бессмертный полк» акциясын онлайн өткізетін бопты. Бұл - өздері сүйіншілеп, хабарлаған ақпарат.
«Қазақстанда Төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылуына байланысты Жеңіс күнін оқшаулану тәртібімен өткізуге тура келеді.
Осыған байланысты «Tengrinews.kz», «Massaget.kz», «Salem Social Media», «Aitube.kz» ұжымы және «Жұлдыз FM» радиостансасы бірігіп «Бессмертный полк» акциясын онлайн режимде өткізетін болып шешті», - депті.
Депті де, кез келген адам өз құттықтаулары мен суреттерін жібере алатынын айтып, арнайы электронды пошта мен «WhatsApp» және «Telegram» каналдарының номерін жариялапты. Онлайн шеру 9 мамыр күні Нұр-Сұлтан уақытымен тұп-тура 10:00-де, «Tengrinews.kz», «Massaget.kz» және«Aitube.kz» платформасында тікелей эфирде өткізілмек.
«Tengrinews.kz» ақпаратына сенсек, бұл акцияны Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы мен Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Қайрат Нұртас, Айқын Төлепберген, Ренат Гайсин, Мәдина Сәдуақасова бастаған 100-ге жуық адам қолдаған екен. Акция кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Бұл ақпаратты әуелі Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі әлеуметтік желіде бөлісіпті.