Алматы
Әскери салада жемқорлық өскен
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің мамандары әскери қызметкерлерді заңсыз ауыстырған тұлғаларды ұстады. Мұны ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің маңызды істер жөніндегі департамент басшысы Данияр Бигайдаров хабарлады.
Департамент басшысының айтуынша, 2020 жылдың жарты жылдық қорытындысы бойынша елдің қорғаныс министрлігіндегі жемқорлық фактілері былтырға қарағанда көбейген. Әскери қызметкерлер пара алу мен беруге, мемлекет қаржысын жымқыруға көп баратын болған.
- Өткен жылмен салыстырғанда осы жылдың 7 айында қылмыстық істер саны үш есеге артқан. Егер бір жыл бұрын жарты жылда 11 қылмыс тіркелсе, биыл 7 айда 31 қылмыс тіркеліп отыр, - дейді Данияр Бигайдаров.
Мәселен, Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары Қорғаныс министрлігіне қарасты Әскери өкілдіктер орталығының әуе қорғаныс күштері бағытының басшысының, қорғаныс министрлігінің кадрлар департаменті басшысының бұрынғы орыныбасары, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының департамент басшысының бұрынғы орынбасарының жемқорлық әрекеттерін анықтаған.
Олар делдал офицерлер арқылы әскери қызметкерлерді Алматы мен басқа өңірдің бөлімдеріне ауыстыру арқылы кадрлық бизнес "ұйымдастырды" деген күдікке ілініп отыр. Бір әскери қызметкерді ауыстыру үшін олардан 800 мың теңгеден 1,1 млн теңгеге дейін пара алған.
Сондай-ақ, Алматы қаласының жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері 8 тамыз күні 800 мың теңге көлемінде пара алып жатқан жерінен Алматы қаласы Полиция департаментінің Процессингтік орталығының басшысы мен оның қызметкерін ұстады. Олар 2017 жылдан бастап "жалған сот орындаушысымен" сөз байласып, жол қозғалысы ережелерін бұзушылардан қаражат алып, өздері иемденген екен.