Шымкент
Шымкентте «WorldSkills Shymkent-2020» қалалық чемпионаты бастау алды.
Онлайн өткен ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева және білім ордаларының директорлары қатысты.
Шымкент қаласының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы жұмысшы мамандығының танымдылығын және қоғамдағы беделін арттыру мақсатында «WorldSkills Kazahstan-2020» ұлттық чемпионатының аймақтық кезеңі 26-29 қазан аралығында өтеді.
«WorldSkills Shymkent-2020» ұлттық чемпионатының аймақтық кезеңіне 30 құзыреттілік бойынша 92 үміткер қатысады. Атап айтқанда, қатысушылар сән технологиясы, графикалық дизайн, веб-дизайн және әзірлеу, өндірістік автоматика, бизнес үшін IT шешімдер, ұялы робототехника, желілік және әкімшілік басқару, жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету, жөндеу, дәнекерлеу технологиясы, электромонтаж ісі, ақпараттық кабельдік желілер және тағы басқа салалар бойынша сайысқа түседі. Чемпионатта 30 бас сарапшы және 30 тәуелсіз сарапшы төрелік етеді.
WorldSkills – жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға негізделген халықаралық жоба. Кәсіптік –техникалық мамандықтың деңгейін көтеретін бұл жобаға еліміз 2015 жылы тұңғыш рет қатысты. Жоба аясында қоғамға ең қажетті маман иелерінің біліктілігін арттыру көзделген.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі