Bugin
Мамандық таңдауда қателеспе
Адам өміріндегі басты назар аудару керек мәселелердің бірі – мамандық таңдау. Мамандық таңдаған кезде көптеген адам қателеседі. Ата-анасының, бауырларының немесе достарының әсерімен, олардың қалауындағы мамандықты таңдайды. Ескеретін мына нәрсе бар: бұл өмір – сіздің өміріңіз, бұл өмірді сіз сүресіз, ата-анаңыз емес, достарыңыз емес. Бір-ақ рет берілетін бұл өмірді барынша лайықты сүрейік. Мамандық таңдауда асықпай саралап, жүрегіміз бен ақылымызды тыңдап, өз қызығушылықтарымызбен байланыстырып таңдауымыз қажет.
Адамда туылғаннан-ақ белгілі бір өнерге, іске, қызметке икем, ыңғай, қабілет яки дарын болады. Әр адам сол өз икемі келетін жұмыспен айналысуы қажет. Бір орында тұрып қоймай, сол туа біткен дарынды ары қарай кеңейту, байыту керек.
Туа біткен дарын бәрінде болады деп те айта алмаймыз. Кейбір адамдардың қабілеті кемел шақта да ашылып, дамуы мүмкін. Сол себепті әрдайым алдыға қарай қадамдар жасап, білмейтін заттарымызды үйренуге тырысуымыз қажет.
Сондай-ақ, өз таңдауыңызды жасағанда, ең бастысы өзіңізге деген, өз күшіңізге деген сенімділік болу қажет. Көптеген адам қиындыққа кезіккен жағдайда үмітсіздікке салынады, алдынан шыққан болмашы мәселелердің әсерінен өмірлік жоспарынан оңай бас тарта салып, мүмкіндіктерім сарқылды деп күйінеді. Жо-жоқ, сіз ең алдымен өз күшіңізге, өз таңдауыңызға сеніңіз. Солай, жүрек қалауыңызға құлақ асыңыз, тыңдаңыз.
Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін