Bugin

Досым Сатпаев: Никоновтың сөзі – Қазақстанды басқыншылыққа дайындаудың амалы

Халықты сендіру амалы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сатпаев Азаттыққа берген сұхбатында Никонов, Федоров, Жириновский сынды Ресейдің Мемлекеттік дума депутаттарының қазақ жері жайлы айтқан арандату пікірін Қазақстанды көрші елдің басқыншылығына дайындаудың амалы деп топшылайды.

Саясаттанушының айтуынша, дума депутаттары Кремльден тікелей тапсырма алу арқылы осындай бассыздыққа барып отыр.

"Түптеп келгенде, бұл – Путиннің ойы мен ниеті. 2014 жылы Украинада басталған оқиғадан Қазақстан сабақ алуы тиіс еді. Кремльдің жер жайлы айтқанын Қазақстан ресми мәлімдеме ретінде қабылдауы тиіс және жауап беруі шарт болатын. Сыртқы істер министрі нота жібергеннен кейін елге кіруге рұқсаты жоқ тұлғалардың қара тізімін жасауы керек еді. Бұл – елшіліктің белгісі, өзін сыйлай алатын мемлекеттің қауқары көрсетуі. Бірақ біздің ел түк те істемеді", - дейді Сатпаев.

Саясаткердің ойынша, қазақ билігі елге басшы боламын, ал шенеуніктер елді басқарамын деп тізгінді қолға алған екен, демек елдің ар-намысы үшін бірінші болып күресетін де солар болуы тиіс еді.

"Ресейдің ақпараттық насихатының кесірінен "Овертон терезесі" атты құбылыс басталуы мүмкін. Яғни, жалған ақпаратты айта-айта халықты соған сендіру процесі. Алғашында бұл ақпарат елге тосын, табу болып көрінгенімен, кейін жаттанды ақпаратқа айналу арқылы халық соған сене бастайды. Ресей пропагандасы осымен айналысып жатыр. Қазақстан қоғамы солтүстік аймағы Ресейдің жері екен деген ой қалыптасқан кезде, бізге басып кіреді", - деп қауіптенеді саясаттанушы.

Саясаткердің айтуынша, қазақстан қоғамын ыдырату оңай. Елдің жарты бөлігі ресей саясаты мен ақпаратының астында жатса, бір бөлігі мұсылман әлемінің қолында тұр.

"Оның үстіне, 30 жылда біз тұрақты ештеңе қалыптастыра алмадық: әскеріміз де, экономикамыз да әлсіз, билікке деген сенім жоқ, қоғам бытыраңқы", - дейді ол.

Айта кеткен жөн, кеше, 5 қаңтар күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орыс сепаратистеріне жауап ретінде Егемен Қазақстан басылымына қазақ жері жайлы мақала жариялаған еді. Мақалада қазаққа жерді ешкім "сыйламағанын" нақты айтқан. Бұл мақаланы ресей саясаткерлері әртүрлі бағалауда. Бірі мұны Дариға Назарбаеваның қолдаудың амалы десе, енді бірі Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай мәлімдеме жасау арқылы халық алдында ұпай жинамақ деген ойда.