Bugin
Мені сайлаған да халық, талап ететін де халық
Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян елде әскери қызметкерлердің төңкеріс жасауына жол жоғын айтты. Ал әскер халық сайлаған билікке бағынуы тиіс. Бұл жайлы РБК хабарлады.
Бүгін, 25 ақпан күні таңертең Армения Қарулы күштерінің бас штабы наразылыққа шығып, премьер-министр Никол Пашинянды отставкаға кетсін деп талап етті. "Өйткені қазіргі билік қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдай алмайды" деп айыптады.
Ал Пашинян жақтастарымен бірге Ереван қаласының орталық алаңына шығып, әскери күш халық сайлаған билікке бағынуы тиіс екенін мәлімдеді.
"Соғыстан кейін (Қарабақ оқиғасы – ред.) отставкаға кету туралы көп ойландым. Бірақ мен кете алмаймын. Өйткені мені халық сайлады. Әрі менің кеткенімді де халық талап етуі тиіс", - деді алаңда тұрып Пашинян.
Сөз барысында Пашинян әскерилерге "егер менің билікте болғанымды қаламаса, алаңға шығарып атып тастасын" деп әмір етті.
Айта кеткен жөн, Армения қарулы күштерінің наразылыққа шығуына Пашинянның ресей қаруы жайлы айтқан пікірі себеп болды. Пашинян соғыс кезінде Ресейден сатып алған "Искандер" зымыранының ескі қару екенін, түк жарылмайтынын айтқан еді. Айтуынша, 10 зымыранның 1-еуі ғана жарылған көрінеді.