Bugin

«Сержан Братан»: аудиторияның қалайтыны – 667

«Сериал шығаратын адамдарды тек қаралым қызықтырады. Боғауыз қарым-қатынасты құрайтын кино авторы өз өмірінде өкпе-реніші басым екені туралы айтып кетпеске болмас»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгінде киноиндустрияның қоғамға ықпалы мен әсері артып келеді. Бүкіл әлемдегі психологтар мен әлеуметтанушылар зорлық-зомбылық, күрделі кісі өлтіру, жастардың ойға қонымсыз зұлымдық әрекеттері көбейгені жайында дабыл қағады. Осының салдарына виртуалды зұлымдық ойындардан бөлек киноиндустрияның зұлымдық жайында көбірек фильм ұсынуын айтады. Бұл киноиндустрияның әртүрлі аудиторияға ақпаратты бақылаусыз жеткізу салдарынан  орын алып отырған жағдай екенін хабарлайды.

2017 жылы жарық көрген испандық «Қағаз үй» сериалы 2020 жылы Қазақстанда кең таныла бастады. Тіпті «Қағаз үй» фильміне еліктеуші адамдар саны көбейді. 2020 жылы 20 мамырда Алматы жастары фильм арқылы танылған арнайы қызыл комбинезон мен бетперде киіп жағымсыз әрекеттер жасау арқылы  желіні шулатты.

Әсіресе жастар арасында фильмге деген тәуелділік пен еліктеу басым. Жуық арада жарық көрген Salem Social Media-ның «Сержан братан» сериалы көп арасында танымалдыққа ие болды. Небәрі 1 жетінің ішінде 2.5 млн қаралым жинаған сериалдың 70%-ы боғауыз, әдепсіз сөзден тұрады. Ендігі сұрақ екі тілде (орыс,қазақ) аралас түсірілген сериалдың мәні неде?  Көпке қандай үлгі берді? Сондай-ақ, Salem Social Media-ның «240 часов», «Сәке», «Шекер», «Қарапайым Қайрат», «Қарапайым карантин» деген жобалары бар. Сериалдардың барлығында дерлік боғауыз сөздер мен 18+ әңгімелер кездеседі. Salem Social Media-ның басшысы Александр Аксютиц екенін ескерсек қазақ қоғамына басқа ұлттың идеясында контент ұсынуы қаншалықты дұрыс деген сұрақ туады.

Осы сауалға психолог Анаргүл Мәулиқызы жауап берді:

«Баланың психикасы 12 жасқа дейін қалыптасады. Баланың дамуында әлеуметтік орта әсері өте зор.  Бүгінгі техника дамыған заманда бала психикасының қалыптасуына тек ата-ана емес, сонымен қоса бұқаралық ақпарат та әсер етеді. Балаға ешқандай тәрбие бермейтін бұқаралық ақпаратты сүзгіден өткізуге үйрететін ата-ана. Жас буын сөз мағынасын түсінбейді. Ата-ана баланың сөзін қайталап айтқызып күлгені дұрыс емес, себебі бала бұл әрекетті дұрыс деп қабылдап қалуы мүмкін. Ата-ана балаға сөз ерекшеліктерін түсіндіріп айту керек. Сонда бала сыртқы әсерлерге мән бермейді.

Сериал шығаратын адамдарды тек қаралым қызықтырады. Патриотизм, адамгершілік, адами құндылықты соңғы орынға қоятын тұлғалар бала тәрбиесіне, қоғам түсінігіне теріс әсері бар кино түсіруден тайынбайды. Боғауыз қарым-қатынасты құрайтын кино авторы өз өмірінде өкпе-реніші басым екені туралы айтып кетпеске болмас».

Сериал 90 жылдардағы көрініспен басталады. Жоғарыда айтып өткеніміздей сериалдың басынан-ақ боғауыз сөздері басым. Киноның қоғамға экономиканың дамуынан гөрі тереңірек әсер ететінін ескеріп осы мәселе жайында сериалдың басты рөлін сомдаған актер Дулыға Ақмолданы сөзге тарттық.

­­- Сериалда әдепсіз қылықтар мен сөздер көп кездеседі екен. Осыған дейін ұлттық театрда бұрынғы заманның кейіпкерін сомдап жүрген (М.Әуезовтің «Абайында» Мағауия т.б) сізге  осындай рөлді алып шығу, түрпі сөздерді айту ыңғайсыздық тудырмады ма ?

-Әдепсіз қылық дегенмен келіспеймін. Әдепсіз сөздер бары рас. Бұл енді 90 жылдардағы көріністі көрсететін сериал болғандықтан сол жылдарға сай деп ойлаймын. Өзіме ешқандай да ыңғайсыздық тудырған жоқ.  Актер болғаннан кейін кез келген рөлді алып шығуға тиіспіз деп ойлаймын.

-Осыған дейін Salem Social-дың осы сериалға ұқсас "Сәке", "Қарапайым Қайрат", "Шекер" сынды сериалдары шыққан. Қоғамда бұндай фильмдер әдепсіз жастардың көбеюіне түрткі болмай ма, қалай ойлайсыз?

-Әр киноның өз жанры болады. Бұл енді бұрыннан келе жатқан жайт. Ол сөздер «блотной», «жаргон» сөздер болғандықтан меніңше ешқандай түрпілігі жоқ. Осы сериалдардан кейін жастар бұзылады дегенге мен сеніңкіремеймін.

Айта кетейік, Salem Social Media-ның басшысы Александр Аксютиц Forbes.kz-ке берген сұқбатта  осы мәселеге қатысты пікірімен бөліскен.

«БАҚ өкілдері, әсіресе қазақ тілді БАҚ, біздің жастарды бұзып жатқанымыз жайында жазады. Бірақ мен сенімдімін: егер ер адам әйелге қарсы қолын көтерсе, бұл оның кинода көргенінен емес, отбасында осылай тәрбиеленгенінен. Әркім өзіне ұнағанды таңдайды. Қазақстандағы аудиторияның көп бөлігі – қазіргі заманғы тенденцияларды, ұят әрекет пен эротикалық көріністерді сабырлы түрде қабылдайтын заманауи адамдар», -дейді Александр Аксютиц берген сұқбатында.