Bugin
Токио Фукусима-1 атом электр станциясындағы бүлінген радиоактивті суды мұхитқа төгуді жоспарлап отыр. Алайда, Жапонияның бұл жоспарына Ресей мемлекеті қарсы. Осыған байланысты, жапондық Jiji ақпарат агенттігінің оқырмандары ресейліктердің пікіріне наразылықтарын білдірді.
Жапонияның хабарлауынша, радиоактивті суды толық сүзбеден өткізген соң, оны мұхитқа төгеді. Бұл жоспар 2023 жылы іске аспақ. Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова осы оқиғаға байланысты өз ойын айтты. Ол:
– Жапония көршілес мемлекеттермен ақылдаспады. Токионың жоспары шекаралас елдерге радиациялық қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, екі жақты келісімнің болмағаны – Жапонияның басты қателігі, – деді. Сонымен қатар, тек Ресей мемлекеті ғана емес, Қытай мен Оңтүстік Корея да жапондықтардың бастамасын сынға алды. Осы себептен, бұл тақырып Jiji ақпарат агенттігінің оқырмандары арасында қызу талқыға түсті.
"Ресей, Оңтүстік Корея және Қытай – "Қызыл банда". Онымен қоймай, Жапонияға сыни көзқарастарын жеткізіпті. Біз жаудың айтқанын тыңдайды деп ойлады ма!?",– деп жазды бір оқырман.
"Енді қалмағаны Оңтүстік Кореяның сынын тыңдау еді. Не дегенмен, Жапонияның айналасы жауларға толы ғой! ",– деп тұтынушы өз ойымен бөлісті.
Пікір білдіргендердің арасында басшылықты әрекетке шақырғандар да болды. Мысалы:
"Бұл оқиғада жапондықтар үндемей қалмасын. Әрбір сынға қарсылықтарын білдіруі тиіс",
"Мұндай пафицизмді тоқтату керек! Әсіресе, сыртта Ресей, Қытай сынды елдер бар", "Кезінде солтүстік аралдарды бізге бермеген Ресей, енді жапондықтарға ақыл айтып отыр ма? Фукусима-1 салқындатқыш суын мұхитқа жіберуді қауіпті, деп бізге талап қойды. Алайда, Ресей жапондықтардың оларға қарсы шығуынан қорықпай ма?" деп оқырмандар өз ойларын білдірді.