Bugin

Байбек: "Елбасының еңбегін түсіну - Мамай үшін ғарышқа ұшумен тең"

Биліктегі Байбек биліктен кеткен блогер Бердоңғаровқа сұхбат берді. Блогер Жанболат Мамайдың "Байбек біраз нәрсе бүлдірді. Жер сатты" дегеніне қатысты пікір білдіруін сұрады. Шіркін, осындай сұрақты қарапайым журналист қарапайым халықтың құлына қоя алғанда ғой. Қош, әңгіме бұл туралы емес.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Байбек Көк жайлау шатқалдарындағы заңсыз құрылысқа қатысы жоқ екенін мәлімдеді. "Бұл жоба 2013 жылы бастау алды, мен болсам  2015 жылы әкім атандым", – деді ол.

"Қазақфильмнің" жеріне байланысты дауға да Байбек үн қосты. "Қазақ үшін жерден қымбат ештеңе жоқ. "Қазақфильм болса, таза мемлекеттік мекеме. 17 гектарлық жер қаланың құзырына қарайтын. Оның жартысында "Қазақфильмнің" өзі тұр. Ал қалған аумағын түсірілім алаңы ретінде пайдаланылатын. Сосын "Қазақфильм" басшылығы "бізге этноауыл керек" деп дабыл қақты. Біз өтініштеріне құлақ асып, 5,5 гектарға этноауыл тұрғызып бердік" , – деп Байбек жауап берді.

Бірақ Байбектің есте қаларлық сөздері бұл емес. Ол Елбасының "елге сіңірген еңбегі" туралы айтты. Оны Байбек былайша жеткізді: "Мамай өзін ұлтшыл-патриот деп таныстырады. Сол ұлтшыл үшін Фурманов Елбасыдан қымбат. Фурманов кезінде қантөгіс болғанын білмейтін сияқты. Ал Елбасы –  қазақ үшін аянбай тер төккен азамат. Ол тарихи миссиясын адал атқарды. Елбасы сияқты тарихи тұлғалар тірі тұрғанда мадақ пен қошеметті көруі тиіс. Елбасы Фурманов көшесінде қаншама тарихи шешім қабылдады. Мұны Мамай сияқтылар қайдан түсінсін?! Бұл ғарышқа ұшумен тең ғой. Тіпті масштаб деңгейін көзге елестете алмайды".