МӘДЕНИЕТ
Шымкент қалалық опера және балет театры аты аңызға айналған әулие ана – Домалақ анаға арналған операны Нұр-Сұлтан қаласының көрермендеріне тарту етті.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлауынша, Шымкент опера және балет тератрының Тәуелсіздік жылдарындағы тарихында бірінші рет ең ауқымды, алғашқысы «Домалақ ана» операсы көрерменге жол тартты.
Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры және басты рөлді сомдаушы Майра Мұхамедқызының жеке шығармашылық идеясынан туған, Тәуелсіз Қазақстан жылдарында жазылған екінші опера – Т.Жармұқаметтің «Домалақ ана» операсы көпшілік өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Қазақ тарихындағы аты аңызға айналған абыз аналарымыздың ішінде қасиетті Домалақ ана туралы оқиға тарихи шындығының молдығымен дараланып тұратын шығармалардың бірі екендігі сөзсіз. Қазақ халқынның өзіне тән қасиетті ана бейнесі «Домалақ ана» операсында тереңдікпен жеткізілген.
Жаңа операны сахналауға әлемге әйгілі және елімізге танымал өнер майталмандары жұмылдырылды. Операда жалпы саны 150-ден астам әртіс рөл сомдайды.
Шымкент қалалық опера және балет театрының алғашқы гастролдік сапары Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары әкімдіктерінің тарапынан қолдау тапты.