Bugin

Үздік еріктілер марапатталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Еріктілер» күніне орай «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «30 игі іс»  жобасы аясында «Мобиль плюс Көмек» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен  «Ерікті болу – ерлік!» атты іс-шарасы өтті.

Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды. 

Шараға  Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан, мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Б.Тулегенов және мәслихат депутаттары Н.Бұқарбай, Л.Сулайманов қатысты. 

Еріктілер – үлкенді-кішілі көмектің сан түрлерін барша жұртшылықтың игілігі үшін ақшалай сыйақысын есептеусіз, қайтарымсыз, ерікті түрде жүзеге асырып, мұқтаж жандарға көмек қолын созушылар. Және өзгелердің игілігі жолында саналы да риясыз еңбек еткен кез-келген адам ерікті болып табылады. 

Ерікті топтардың атқарар қызметтері де сан алуан. Айталық, қалауларына қарай экологиялық қозғалыстар, ағаштар  мен гүлдерді отырғызу, халықтың қауқарсыз тобы: жалғызбасты қарттар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен үйсіз отбасыларға қаржылай көмектер, ірі қалалық, халықаралық  іс-шаралар мен фестивальдарды ұйымдастыруға атсалысу ерікті топтар құзырында. Жүректері иманмен нұрланған, жандары жақсылыққа құмар жанашырлардың игі қызметтері ел тарихында қалатыны анық. 

2020 жылдың «Еріктілер жылы» болып бекітілуі еліміздегі 200-ден астам еріктілер ұйымы мен 50 мыңнан астам белсенді еріктілеріміздің игі істеріне шабыт сыйлады. Mobil Plus-тегі еріктілер қозғалысы 2015 жылы басталып, осы уақыт аралығында мұқтаж жандарға белсенді түрде көмек көрсетіп келеді. 
Көп балалы аналарға, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам материалдық қолдау көрсетті. Қарқынды әрі нәтижелі жұмыстың арқасында «Мобиль плюс Көмек» қайырымдылық қоры құрылып, қысқа мерзім ішінде «Балалық шақ аллеясы», «Мекетепке жол», «Әлем балалар көзімен» сынды акциялармен қорымыз көпшілікке таныла бастады.

Іс-шараны ұйымдастырушы мәслихат депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі,  «Мобиль плюс Көмек» қайырымдылық қорының президенті Керімбаева Наргиза Абайдуллақызы ерікті жастарды және көп балалы аналарды марапаттап, сыйлықтар табыстады. 

- «Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған іс-шарада үздік волонтерларды қажырлы еңбегі үшін марапаттадық. Жастар арасында дұрыс құндылықтарды насихаттап, өзгелерге қамқорлық және мейірімділік көрсету мақсатында осындай іс-шараны жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Жастар белсенді волонтер болуға лайықты екенін білу керек. 
Ал біз оларды әрдайым қолдауға дайынбыз»,
- деді Н.Керімбаева.