Қоғам

Наразы топпен кездесуге құлқы болмаған әкім: «Билік киелі дүние ғой»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ақтөбе облысындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде әкімінің кабинетіне ешкім шабуыл жасамаған. Мұны әкім тылсым күшке балап отыр. Бұл туралы Bugin.kz порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Біріншіден, менің ойымша, құдай сақтады ма, ата-бабаның әруағы ма, иә, іштей білетін адамдар сескенді ме, бірақ табалдырығынан атаған жоқ. Әкімнің кабинеті қандай да бір Жаратушының арқасында аман қалды. Қанша дегенмен, билік киелі дүние ғой» - дейді өңір басшысы.

Митинг басталғалы жұрт көзіне көрінбей кеткен Оңдасын Оразалин екі сағаттық баспасөз мәслихатын берді. Бүлінбеген кабинетінен бөлек, көтерілістің қантөгіссіз аяқталғанына шүкір етіп отыр. Осы уақытқа дейін қаладан тыс шықпай жұмыс орнында тапжылмай отырғанын айтады. Аймақта жарияланған төтенше жағдайды тоқтату үшін Мемлекет басшысына өтініш жолдаған. Енді бірер күнде облыс әкімдігі ғимаратындағы қоршау алынып, қазына ақшасына қайта жөнделеді.

Ал митинг кезінде наразы топпен кездесуге құлқы болмаған. Есесіне Оразалин қала әкімі Асхат Шахаровты шеруге шыққандармен жүздесуге жұмсадым деп отыр. Ақтөбе облысының басшысы осы қызметке тағайындалған үш жыл ішінде өтініш айта келген наразы топтың бірде-бірін қабылдамаған екен. Мұны әкім былай түсіндірді.