Bugin
«Мемлекеттік бағдарламаны желеу етіп, әкім туысына үй берді». Қызылорда облысындағы Ақжарма ауылының тұрғындары «Астана» телеарнасына хабарласып, осылай деп шағымданған. Бұл туралы Bugin.kz порталы turkystan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Тұрғындардың айтуынша, ауыл әкімі көпбалалы аналарға арналып салынған 3 баспананың бірін өзінің туысқанына берген. Ал халық тіпті мемлекеттік бағдарламамен тегін үй берілетіндігін естіген болып шықты.
- «Үйім құлайын деп авариялық жағдайда тұр. Әкімге барсам, атыңда үй бар, үй болмау керек 5 жылға дейін дейді. Ауылға 3 үй түсті. Соның біреуі бұйырып қала ма деп күттім. Бірақ әкімдік маған мүлде хабарлама бермеді», – деп отыр ауыл тұрғыны Гүлзат Шамшат.
Тұрғындардың сөзінше, ауылда баспанаға мұқтаж жандар көп. Соған қарамастан, әкім санаулы тегін баспананы өз туыстарына берген көрінеді.
- «Ол осындай отбасыларға беріліп жатыр деп ауылға жиналыс жасады. Көпшілікпен, ардагерлермен ақылдасып берілуі керек негізі. Ал бір үйді осы әкімнің қайынағасы алған. Біреуі – өзінің інісі. Оның да өзінің үй-жайы бар», – дейді ауыл тұрғыны Алтай Қошқарбаев.
Ауыл әкімінің айтуынша, Гүлзат Шамшаттың атында үй бар, сондықтан ол мемлекеттік бағдарламамен берілетін баспанаға ие бола алмайды. Сондай-ақ ол «тегін үйдің бірінде әкімнің жақындары тұрып жатыр» деген әңгімеге қатысты да өз уәжін айтты.
- «Бір үйдің егесі ғана менің келіншегімнің туған ағасы. Жасыратыны жоқ, қайынағам. Бұл үй салынарға дейін кезекте тұрған. Хабарламаны 100 пайыз мойындаймын. 100 пайыз берілген жоқ. Өйткені, ол салынып жатқан үй. Біткенше, бағдарламасы бізге белгісіз болды. Тек көпбалалы аналарға ғана беріледі деген сөз болған жоқ», – дейді Ақжарма ауылдық округының әкімі Ерлан Ешмұратов.
Ауылдық округ бойынша көпбалалы отбасы санатымен 4 тұрғын кезекте тұрған. Олардың төртеуі де тұрғын үймен қамтамасыз етілді дейді ауыл әкімі.