Travel

21 елге сапар шеккен қазақ қызы

Динара Болат – инстаграм əлеуметтік желісінде өзінің көптеген елдерге жасаған саяхаттарымен танымал жиһанкез-блогер. Қазақстандағы авторлық турлар жетекшісі ел туризмі жайында қандай пікірде?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Динара ханым, əлеуметтік желіден əлемнің бірнеше еліне жасаған саяхаттарыңызды көріп, оқып жүрміз. Бас-аяғы қанша мемлекетке бардыңыз?

– Рақмет. Мен соңғы 4 жылымда əлемнің 21 елін араладым. Оның ішінде АҚШ, Үндістан, Жапония, Италия, Өзбекстан жəне өзге де мемлекеттер бар. 

Болашақта қай елдерге саяхат жасағыңыз келеді?
– Болашақта барғым келетін елдер өте көп. Əлемде 200-ден аса мемлекет бар емес пе? Оның санына жету қиын болар. Кей елдерге жасаған саяхат керемет əсер қалдырғандықтан, қайтадан барғым келеді. Бірақ, таяудағы үш жылда Латын Америкасына, Африкаға барып, сол жердердің табиғатымен, тыныс-тіршілігімен танысқым келеді. 

Қазақстанның қай қалаларын араладыңыз? Қай өлке сізді табиғатымен, қолайлығымен өзіне баурай алды? 

– Қазақстанның біршама қалаларында болдым. Соның ішінде маған ерекше ұнағаны Маңғыстау өлкесі жəне Жетісу аймағы. Жолым түспеген, бірақ келешекте барғым келетін Қазақстан нүктесі - Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай ұлттық саябағы.

Қазақстан туризмінің жағдайы қалай? Біздің де елге туристтер көп келуі үшін нені дұрыс жасаған дұрыс? 
– Ел туризмі енді-енді жолға қойылып келе жатыр. Белгілі бір деңгейге жетті деп айту қиын. Бізге шет елден туристтер көп келу үшін, біріншіден, насихат керек; екіншіден, оларды қабылдайтын, дұрыстап қарсы алатын жағдай жасау керек. Біздің елде ақсап тұрған мəселе - инфрақұрылым. 
Қазақстан туризмінің өзге елдерден артықшылығы жəне кемшіл тұстары неде?
– Қазақстан туризмінің артықшылығы Еуропа, Америка секілді елдерден туристтер көптеп келетін болса, оларға басқа елдерден қарағанда біздің ел ыңғайлы, себебі, баға арзан. Сонымен қатар, бізде арнайы демалыс орындары, ғимараттар көп болмағанмен табиғатымен, тарихымен ерекшеленетін жерлер өте көп. Кемшілігіне қызмет көрсету саласын айтар едім. Бұл сала əлі де ақсап тұр. Таңдау жоқ. Мысалы, қымбат қонақ үйлер болуы мүмкін. Бірақ, халықтың жағдайы əртүрлі. Демалысқа келсе де, өзге де шаруалармен келсе де оларға қалтасына қарайлап тұратын жерді таңдай алатын мүмкіндік жасалса екен. Яғни, бюджеттік нұсқалары да болу керек. 
Жиһанкез Динара Қазақстан табиғатын бір ауыз сөзбен қалай атар еді?
– Қазақстанның табиғатын бір ауыз сөзбен сипаттау мүмкін емес. Себебі, бір жері бір жеріне ұқсамайды. Бір аймақтан көрген табиғат екіншісінде байқалмайды. Дегенмен, осы ерекшеліктер - еліміздің ең басым тұсы.