Bugin
Ресей билігі Сириядан қалада соғыса алатын кәсіби әскерді тартудың жолдарын қарастырып жатыр. Нақтырақ айтсақ, сирия әскерінің бір бөлігін алдап-сулап Украинадағы спецоперацияға қосуды ойлап отыр. Бұл құпия ақпаратты АҚШ-тың төрт офицері анықтады, деп жазады Wall Street Journal газеті.
Басылымның жазуынша, Сирия қоғамы қазір екіге бөлінді. Бірі – Ресейдің Украинаға басып кіргенін құптаса, екінші топ қаралап жатыр. Арасында бейтарап позиция танытушылар да бар көрінеді.
Украинаны жақтаушылар президент В.Зеленскийдің "интернационал легиондарға қосылып, украин халқын қорғауға қатысыңыздар, біздің қатарда соғысыңыз" деген үндеуіне қолдау білдіріп, еріктілер жасағын құрып жатқан көрінеді. Мұны Араб бұқаралық ақпарат құралдары жазып жатыр. Одан бөлек, бұл ақпаратт Франциядағы "Сирия халқы бейбітшілік пен еркіндікке" ((Syrians for Truth and Justice) бейкоммерциялық ұйымы да растаған.
"Украина жанжалы шетелдік жауынгерлердің соғыс майданына айналуы мүмкін. Бұған Сирияның жалдамалы әскерлері қатысуы ғажап емес", - дейді Study of War институтының Сирия жөніндегі сарапшысы Дженнифер Кафарелла.
Ал Ресейді қолдаушылардан Кремль армиясы кәсіби жалдамалы әскер құрып жатқан көрінеді.
"Ресей 2015 жылдан бері Сирияда соғысып жүр. Ондағы әскер қаланың ішінде соғысып үйреніп қалған. Соларды алдап-сулап енді Украинаға әкелудің амалын жасап жатыр. Киевті басып алу мен украина үкіметіне жойқын соққы жасау үшін қолданбақ. Қазірдің өзінде кейбірін Ресейге әкеліп, Украинаға кіргізуге дайындап жатқан көрінеді", - деп жазады WSJ.
Ресей жалдамалы содырларға шамамен айына $200-300-дан (100-150 мың теңге шамамен) ақы төлемек. Әрі олардың 6 ай мерзімге жалдауды ойлап отырса керек.
"Украинаға ерікті жасақтар ағылып жатыр. Қазір Украина жері халықаралық әскери іс-қимыл алаңына айналды. Демек, Украинадағы соғыстың масштабы кеңеюі мүмкін. Аймақаралық динамикаға араласып, Таяу Шығысқа жылжуы ғажап емес", - деп түсініктеме береді Кафарелла.
Айта кетейік, Украина президенті В.Зеленский интернационал легион құрғанын мәлімдеген еді. Оған украина халқын қорғау ниет білдірген шетелдік азаматтар – ерікті жауынгерлер жинақталады. Ол үшін арнайы сайт та ашылған. Украинада ерікті ретінде соғысуға беларусь пен грузия азаматтары "аттанамыз!" деп мәлімдеген. Сондай-ақ, АҚШ-тан 3000 ерікті жауынгер келуі мүмкін.
Ресей бұл әскери операцияға жалдамалы әскерлерді де қосып жатыр деген ақпараттар бар. Киев қаласында вагнер жалдамалы әскер қызметінің 400 жауынгері жүр деген ақпарат тараған. Кейін CNN бұлардың 200-дейі мерт болды дегенді жазды. Жақын арада Ресей тағы 1000 жалдамалы әскерді Украинаға әкеп кіргізбек. Бұл жалдамалы әскерлердің мақсаты – Украина президенті мен оған жақын адамдардың көзін жою.