Bugin
Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу ел көзіне көрінбей кетті. Соңғы рет 11 наурыз күні көпшілік алдына шыққан Шойгу, міне, 12 күн болды мүлде көрінбейді. Ал соғыстың жүріп жатқанына 28 күн болды. Бұл жайлы ресейдің тәуелсіз "Медиазона" мен "Агентство" журналдары жазды.
Ресей тілшілерінің айтуынша, Шойгу – ел алдына жиі шығатын, бұқаралық ақпарат құралдарымен жақын жұмыс істейтін шенеуніктердің бірі. Қорғаныс министрі болып тағайындалғаннан бері баспасөз қызметіндегі штат санын өсіріп, ведомстваның халық алдындағы имиджі мен өзінің образын жасауға қызу кіріскен адам.
"Агентство" басылымының жазуынша, Шойгу "әскери операция" басталғаннан бері баспасөзге жиі шығып жүрген. Бірақ 11 наурыздан кейін сол күйі көрінбей кетті.
Басылымның жазуынша, қазір Шойгудің денсаулығы сыр берген көрінеді. Мұны оның жанында жүрген адамдар айтқан.
Ал 11 наурыз күні Шойгу Украинадағы "әскери операцияда" ерлік көрсеткен жауынгерлерге мемлекеттік наградалар берген. БАҚ-та тараған бұл ақпаратта сурет пен видеода шынымен де Шойгу жүр.
Ал 18 наурыз күні өткен В.Путин өткізген Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Шойгу жоқ. Нақтырақ айтсақ, Кремльдің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта Шойгу қатысты деп берілгенмен, олар жариялаған видео мен суретте қорғаныс министрі жоқ.
Сол күні, 18 наурыз күні, "Бірінші арнада" Шойгу әскери қызметкерлерді марапаттады деген жаңалық шыққан. Видеода Шойгу жүр. Алайда кейін журналисттер анықтағандай, бұл видео 11 наурыз күні түсірілген екен.
Сондай-ақ тілшілердің айтуынша, Шойгумен бірге Ресей Қарулы күштерінің бас штабы қолбасшысы Валерия Герасимовтің ел алдына шығуы азайған. Нақтырақ айтсақ, сол 11 наурыздан кейін ол да көрінбей кеткен.
Ал Украина барлау қызметінің айтуынша, Украинаға қарсы соғысты бастаған Путин мен дәл осы Шойгу ғана. Қалғандары соғыс бастауға аса құлықты болмаған.