Bugin
ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовті қамауға алу мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Ол ҚР Қылмыстық кодексінің бес бабы бойынша тергеліп жатыр.
«25 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты Кәрім Мәсімовке қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын үш айға ұзартты», - делінген ҰҚК-ның Informburo.kz-ке берген жауабында.
Тергеу тобы Мәсімовті және басқа да тұлғаларды ҚР Қылмыстық кодексінің келесі баптары бойынша тергеп жатқанын хабарлады:
- 366-баптың 4-бөлігі – пара алу;
- 362-баптың 4-бөлігінің 3-тармағы – билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану;
- 175-баптың 1-бөлігі – мемлекетке опасыздық жасау;
- 179-баптың 3-бөлігі – ҚР Конституциясын бұзып, билiктi күшпен басып алуға немесе билiктi күшпен ұстап тұруға не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымын күштеп өзгертуге бағытталған әрекеттер;
- 218-баптың 3-бөлігі – қылмыстық құқық бұзушылықтардан түскен табыстар болып табылатын мүлікті конверсиялау немесе аудару түрінде мәмілелер жасасу арқылы қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңды айналымға тарту не мұндай мүлікті иелену және пайдалану.
Айта кетейік, бас прокуратураның соңғы ұсынған мәліметі бойынша ол 17 жылға сотталуы мүмкін.