Bugin
Ресейдің Қорғаныс министрлігі бүгін, 20 сәуір күні, ғарыш айлақтың шахтасында тұрған «Сармат» атты құрлықаралық баллистикалық зымыранын сынақтан өткізді. Сынақты РФ президенті В.Путиннің өзі бұйрық беріп, бақылауда ұстады. Мұны Кремльдің ресми сайты хабарлады.
«Мұндай зымыранның әлемде теңдесі жоқ, тек бізде ғана бар. Әрі әлі ешкімге бұйыра қоймас қуатты қару. Жақын арада біреу жасай алады дегенге күмәніміз бар. Қуатты қару біздің Қарулы күштерге қайрат қосары анық. Ресейдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, дұшпандарын үрейде ұстайды», - деп мәлімдеді Путин.
Оның айтуынша, «Сармат» баллистикалық зымыраны кез келген заманауи зымыранға қарсы жүйені бұзып өтіп, діттеген нысанды талқандауға қауқарлы.
«Ракетаның бүкіл деталі – Ресейдің өз өндірісі. Сериялық өндіріспен шығарылатындай етіп құрастырылған», - деді Путин.
Ресейдің Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, «Сарматтың» әскер қару-жарақ жабдығы күрделі типпен құрастырылған, гипердыбысты блокпен де қамтылған көрінеді.
Бұрын болғанды еске салайық
Путин әлемде аналогы жоқ қуатты зымыранды жасап шығару идеясы 2018 жылы айтқан. «Ресей жоғары дыбысты және гипердыбысты қарумен, әскери лазер жабдығымен жабдықталған, ұшу траекториясы қым-қуыт, іс-қимыл радиусы кең қуатты қару жасап жатыр» деп мақтанған еді.
Енді міне, сол қаруын жарыққа шығарды. Өз кезегінде мұны Украина мен Батыс елдеріне қыр көрсету үшін жасап отырғанға ұқсайды.
Алайда АҚШ-тың Барлау қызметінің мәліметінше, Путиннің мақтап отырған мына зымыраны «анау айтқандай» қуатты емес көрінеді. Көкте ұшып бара жатып жанып кеткен кездері болғанға ұқсайды.
Зымыранның дұрыс құралмауына тағы да сол – Ресейдің қорғаныс саласындағы жемқорлық себеп болуы мүмкін.