Bugin
ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Айдос Сарым үкіметтің әлеуметтік желіні БАҚ туралы заңсыз-ақ бұғаттай алатыны туралы айтты. Журналист Бибігүл Жексенбай жүргізетін «Ойлайық» бағдарламасына берген сұхбатында депутат БАҚ туралы заңның кей тұстарын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
«Бұл хайп тақырып. Өйткені шындап келгенде үкімет немесе билік әлеуметтік желіні бұғаттағысы келетін болса, осы заңсыз-ақ байланыс туралы заң бойынша әлеуметтік желіні толық бұғаттап тастауға құқығы бар.
Мысалыға, Қазақстанның интернет ассоциациясының жетекшісі Шавкат Сабыров бұл заңнан ешқандай қауіп-қатер көрмегенін айтып отыр. Бұл – осы саланың кәсіби маманы. Бізде кейбір саяси топтар, есеп жинағысы келетін үкіметтің баспасөз саласындағы ұсынысын терістейтін топтар бар. Бұл - солардың тарапынан туындап отырған өзінің жақтастарын мобилизациялау үшін айтылған дүние», - дейді ол.
Сонымен қатар депутат халықты аталмыш заңнан қорықпауға шақырып, бала қауіпсіздігі қоғам үшін маңызды тақырып екенін айтып өтті.
«Бұл тақырыпты түсіндіру мәселесінде кемшіліктер бар шығар. Заң қабылданғаннан кейін, іске асқаннан кейін біраз мәселе өзімен өзі жойылады деп ойлаймын. Мұнда жұрт қорқатындай ештеңе жоқ. Қайта керісінше мектеп оқулығына қатысты және басқа да мәселелер қамтылған. Менің ойымша, бұл тақырыптар мына тақырыптан әлдеқайда маңыздырақ», - дейді Айдос Сарым.
Депутаттың сөзінше, әлеуметтік желіні бұғаттау туралы заң кей адамдар үшін лайк жинаудың жақсы бір құралы болған.
«Біз қазір екеуміз отырып әрбір азаматқа жүз мың доллардан тегін таратып берейік деп әңгіме көтердік делік. Оның өзіне де қарсы шығады. Жалпы бұл ойынның ережесі сияқты болып кеткен нәрсе. Бізде шетелден ақша алатын немесе әлеуметтік желіде ақша жасап жүрген адамдар бар. Әлеуметтік желіні бұғаттау туралы заң бұлар үшін жақтас жинаудың, лайк жинаудың жақсы бір құралы мен мүмкіндігі болды.
Солар айтқан дүниенің біреуі де өмірде жоқ нәрсе. Алдында бірінші оқылымға дейін қаншама талқылау болды. Содан кейін тақырып жабылды. Ешкім петиция да жинаған жоқ, әңгіме де айтпады. Тіпті, заңның тағдырына алаңдаушылығын білдірмеді. Үкіметтің қорытындысымен қайта келіп екінші оқылымда қабылданған кезде, Сенатқа кеткен кезде бұл тағы да жанданып, тағы бір адамдарға жақсы бір пиардың мүмкіндігін берді», - дейді ол.
Видеоны осы сілтеме арқылы көре аласыз.