Қоғам
Учаскелік полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық жайттары бойынша жәбірленушінің пікірін ескермей ұйғарым шығару уәкілеті беріледі, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Кейінгі жылдары заңнамаға ішкі істер органдарына құқық бұзу фактілерінің алдын алуға мүмкіндік беретін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осылайша үйбұзақыларға ықпал ету тетіктері кеңейтіліп отыр. Қазіргі таңда ҚР Ішкі істер министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен отбасындағы зомбылықтың алдын алу жағдайына талдау жасап, осы бағыттағы шараларды жетілдіру бойынша бірнеше ұсыныс әзірледі», - деп жазылған ведомствода.
Аталған шаралардың арасында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жәбірленушінің пікірін ескерместен, өз бетімен қорғау ұйғарымын енгізетін уәкілет беру көзделген.
«Тәжірибе көрсеткендей, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамға зорлықшыл тараптан психологиялық қысым жасалады. Өзі мен отбасы мүшелерінің амандығы үшін жәбірленушілер арызданып, іс қозғатудан бас тартады. Сондықтан жәбірленушінің пікірі әрдайым обьективті бола бермеуі мүмкін. Бұл норма бұзақының әрекетін қатаң бақылауға алып, құқық бұзудың алдын алуға жол ашады», - деп жазады министрлік мамандары.