Bugin
РФ президенті В.Путин өзінің Беларусь президенті А.Лукашенкоға стратегиялық серіктесі әрі майдандас досы бола тұра, оған аса сенбейді. Оның үстіне, белбасы да әскерін Украинаға жіберуге құлық танытып отырған жоқ. Осылай дейді беларусь оппозиционері Франак Вячорка НВ Радио-ға берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Александр Лукашенконың Украинаға деген өші мен кегі қайнап тұр. Украинаны жеккөреді. Әрі оған соғыс ашуға дайын тұр. Алайда оны ұстап тұрған бір нәрсе бар.
«Ол – беларусь қоғамы. Сауалнамаға сенсек, Беларусь халқының 80 пайызы мүлде соғысқа қарсы. Украинамен соғысқысы келмейді. Қалған 20 пайызы Ресей пропагандасының кесірінен орыстарды жақтап отыр. Бірақ бұл сан аз. Одан бөлек, беларусь әскерінің жартысы мүлде соғысқа қарсы. Әсіресе, тұрақты әскердің жартысы. Қалғаны Лукашенко мен Путинді жақтауға әзір циниктер. Олардың мақсаты – ойлану емес, тек бұйрықты орындау. Сондықтан беларусь қоғамы Украинаға өз әскерін кіргізуге дайын емес. Мұны Лукашенко жақсы түсініп отыр. Әзірше Лукашенко Путиннің әскерін Украина шекарасына жинақтауға көмектесіп жатыр. Осының өзі орыстарға зор көмек болып отыр», - деп түсіндіреді Франак Вячорка.
Оппозиционердің айтуынша, Лукашенко талай рет Ресейден қару сұраған екен. Ресейдің Қорғаныс министрі С.Шойгуға «Бізге зымырандарыңды беріңдер, С-300, С-400 зенит қондырғысын беріңдер, біз соғысып үйренейік» деп талай айтты.
«Алайда Ресейдің бергісі жоқ. Өйткені Лукашенкоға сенбейді. Лукашенко – қолында гранатасы бар маймылға ұқсайды. Өте қауіпті. Ресей әскері оған сене қояды деп ойламаймын. Тіпті, Беларусь жерінде жүрген орыс әскерінің өзі беларусьтерге аса сенбейді. Олардың достығына күмән келтіреді. Ал Путин үшін Лукашенконың осы күйде болғаны керек. Керек кезінде абалатып, керек кезінде сөйлетіп қояды. Формальды нейтралитет ұстанып отырғаны жақсы оған», - деп түсіндіреді Франак Вячорка.