МӘДЕНИЕТ
Гарри Гудинидің шын есімі — Эрик Вайс. Ол 1874 жылдың 24 наурызында Австро-Венгрияның Будапешт қаласында дүние есігін ашты.
Жас сиқыршы он жасынан бастап ойын-сауық орталықтарында картамен фокус көрсетуді әдеті етіп алды. Сол кезден бастап көпшілік алдына шығып, сахнада өзін еркін ұстауды үйренді. Оған француз фокуснигі Робер-Гуденнің құрметіне Гуддини деген лақап ат берілді. Ал Гарри Келлардың құрметіне фамилиясына Гарри деген ат қосылды. Гарри Гудинидің сыры осыда.
Гудини сиқыр әлемінде
Бастапқы кезде Гуддини көбінесе кісендерден және суға толы резервуарлардан босанып шығу сияқты қөрсетілімдер қойып жүреді. Бір рет ол биік үйлердің ұшына ілінген қаптың ішінен аман-есен босап шығып, халықтың ықыласына бөленді. Ал 1903 жылы оны аяқ-қолына кісен салып, 30 килограмм болатын шар байлап, Темза өзеніне тағы бір трюк жасау үшін лақтырып жібереді. Сол жерден де иллюзионист аман-есен шықты. 1900 жылы Гудини Лондонда «Тірі пілдің ғайып болуы» көрсетілімін қойып, жұртты тағы бір рет таңқалдырды.
Ал 1908 жылы Ресейге гастрольдік сапармен барады. Сол кезде Бутыр түрмесі мен Петропавл қаласындағы өлімге кесілгендер камерасынан да босанып шықты. 1910 жылдан бастап Гудини киноға түсе бастады. Ол АҚШ-тың бұрынғы президенті Теодор Рузвельтпен жақсы қарым-қатынаста болды.
Гудинидің өліміндегі құпия
Гудини Монреалда гастрольде болған кезде оның гримеркасына үш студент кіріп, сиқыршыдан ішіне тиген қатты соққыны шынымен де сезбей ма екенін сұрайды. Сұраған жігіт бокстан колледж чемпионы екен. Ал терең ойда отырған Гуддини оларға басын изей салады. Мұны естіген студент қарап тұрмай оның ішінен екі–үш рет ұрады. Гуддини оны әрең тоқтатып, ішінің бұлшық еттерін ширатқаннан кейін ғана қайта соққы жасауына рұқсат береді. Ал студент болса оның темірдей қатты ширатылған бұлшық еттерін сезеді әрі Гудинидің қабілетін көріп таңқалады. Бірнеше күннен кейін оған тиген соққылар соқыр ішек немесe өттің жарылуына әкелген болуы керек, соның салдарынан ол перитонитпен ауырады. Бұл аурудан тірі қалу қиын заманда Гудини көрермендері үшін қайта оралады. Алайда 1926 жылы 31 қазанда Хеллоуин мерекесін тойлар алдында ол қайтыс болады. Иллюзионист бар болғаны 52 жас өмір сүрді. Десе де тарихта есімін қалдырып кетуге сол жас Гудиниге жетіп артылды десек қателеспейміз.
Гарри Гудинидің ашылмаған сырлары
Гарри Гудини өлер алдында сейфке хат жасырған екен. Мәліметтерге сенсек, сейфтегі хатта оның үздік трюктарының құпиясы жазылған. Гудини сейфті туғанына 100 жыл толған соң ашуға рұқсат берген, тіпті, солай тапсырған. Айтылған мерзім бойынша 1974 жылдың 6 сәуірінде нотариалдық кеңсе өкілдері сейфті халықтың көзінше ашқан. Алайда оның ішінен ешқандай хат табылмаған. Кейбіреулер бұл Гудинидің соңғы сиқыры дейді.