Bugin
«Өнер біткеннің бәрі бірдей - бір адамның құшағына сыймайды», - әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби өнер туралы осылай деген екен. Өнер саласы шұңқырын қазсаң, шыға түсетін, таусылмас қазына. Әлемде оның түр-түрі бар. Тіпті, таңданысыңызды туындатып, оны меңгеруге дейін алып баратын ерекше өнер түрлері де бар. Сол секілді ерекше өнер түрлерінің бірі «Қалам ұшындағы мүсін». Осыдан жиырма жыл бұрын Америкада танылған өнердің бұл түрімен айналысатын әлемдегі санаулылардың бірі түркиялық – Нихат Өзжан. Дүние жүзіне «микро өнерді» танытқан мүсіншінің көрмесінде бүгінде бірнеше топтамалар бар. Олар, Эйфел мұнарасы, бас және түрлі есімдердің жинақтары мен түрік тарихындағы белгілі тұлғалардың бейнелері. Аталмыш өнердің құпиясын білу үшін шебердің өзімен сұхбаттасқан едік.
- Әлемде қаламның ұшына кішкене ғана мүсін жасайтын өнер адамдары саусақпен санарлық қана. Олардың бірі өзіңіз. Мұндай ерекше өнер түрімен қалай таныстыңыз? Бұл өнер түрінің ашылмаған құпиялары бар ма? Қалам ұшындағы өнерді меңгеру үшін арнайы білім алу керек пе?
- Бұл өнерге «қорғасын қалам ұшындағы құпиялы өнер» деген атау берсек те болады. Әлем бойынша бұл өнер түрімен аз ғана адам айналысады. Қалам ұшындағы мүсін өнері осыдан 15-20 жыл бұрын америкалық мүсіншінің жасаған туындыларынан бастау алады. Бақытыма орай менде осы мүсіншінің жеке шығармашылығын көріп, асқан таңданыспен және қызығушылықпен әлем бойынша зерттеулер жүргізе бастадым. Бастапқыда мені классикалық мүсіншілер жасаған миниатюраның қарапайым қалам екендігі зор таңданыс тудырды. Ұзақ уақыт жүргізген зерттеулерімнің нәтижесінде әлем бойынша бұл өнерді үйрететін бірде бір ғылымды немесе білім ордасын таба алмадым. Осылайша үлкен қызығушылықпен қарапайым қарындашты қолға алып, өз бетімше пышақпен ойып, тәжірибе жасап көрдім. Алғашқыда қаламның ұшына әріптерді жазудан бастадым. Есімдерімді жазып үйреніп жүргенде өзімнің тәжірибесіз екендігімді аңғардым. Ең бірінші жасаған туындым Галата сарайы. Уақыт өте келе үлкен дүниелерді жасауды үйрендім. Бұл өнер саласы бойынша білім алмадым. Бірақ, өнерге деген жолым сүйіспеншілік пен қызығушылықтың арқасында басталды. Қазіргі таңда әмбебап мүсінші деген атағыммен мақтана аламын. «Қалам ұшындағы» өнер түрімен айналысу үшін үлкен сабыр керек. Себебі, кішкене ғана дүниеге көзтартарлық мүсінді жасап шығару оңай шаруа емес. Мен көзді қорғайтын көзілдірік немесе үлкейтіп көрсететін шыны қолданбастан жұмыс істей беремін. Қазіргі таңда бұл өнер саласы оқу ордаларында оқытылып жатса лезде меңгеріп алуға болады. Егер, мүмкіндік болмаса сынақ немесе қателіктер әдісімен нәтиже шығаруға болады.
- Бір қарындаштың ұшына мүсін жасау үшін қанша уақыт қажет?
- Мен біріншіден өзім шығаруды ұйғарған нысанға эскиз жасаймын. Таңдаған дизайнды қағазда және 3D үлгісінде елестеткеннен кейін қарындаш пен пышақты қолға аламын. Содан кейін алғашқы тәжірибеде кеткен қателіктерді түзетемін. Шеберханадағы жұмыс барысында қаламның сынғыштығы салдарынан көп жағдайда жасап жатқан дүниеңіздің бүлінуі ғажап емес. Егер ондай мәселе туындап жатса, қайтадан нөлден бастауға тура келеді. Егер бәрі ойдағыдай болып жатса бір жұмысты 1-2 апта көлемінде бітіруге болады. Итальяндық мүсінші Амедео Модильяның танымал бір мүсінінің бейнесін қиындықпен үш сағатта жасап біттім. Кейде қиындықтар туындап жатса, бұл процесс 4-5 айға дейін созылуы мүмкін.
- Осындай таңғажайып өнерге шабытты қайдан аласыз?
- Шабыт көздері психологиялық ахуалыма қарай өзгеріп отырады. Көбінесе қоршаған ортаның пайдасы мол. Қоғамда кезігетін барлық тақырыптарға уақытылы тоқталып өтуге тырысамын. Мысалы, тарих, сәулет ғимараттары, түрлі нысандар мен ежелден келе жатқан мүсіншілердің туындылары, бүгінгі күннің трендтері менің негізгі шабыт көздерім десем де болады. Өзіме белгілеп қойған арнайы шекара жоқ. Кез-келген тақырып бойынша жобалар жасай беремін.
– Бір сұхбатыңызда: «Әрине, бұл түрлі қиындықтармен бетпе-бет келетін ауыр жол. Ен қиын бөлігі – қалам ұшының сынуы. Дегенмен, ең жақсы жағы жұмысыңды аяқтап, көрмеге ұсынып, халыққа көрсету», - дедіңіз. Қиындықтарға тап болған кезде өзіңізді қалай сабырға шақырасыз?
– Жұмыс уақытында немесе жұмыс аяқталған соң қаламның сынуы оның жобалық үлгісі мен сақталуына тікелей байланысты. Бастапқыда бұл мәселемен жүз рет кезігіп, түрлі қиындықтарға тап болдым. Мен бұл өнерге жақын болғандықтан оның ащысы мен тұщысын қатар қабылдауға бел байладым. Мәселені өздігіммен шешуге тырысып, қалам сынған жағдайда ішімнен мына сөздерді қайталап отырдым: «Мейлі ол сына берсін, қайтадан жасаймын. Ол емес, мен жеңемін», - деген сөздерден қуат алдым. Бұл жерде маңыздысы: Қиындықты еңсеру!
– Жұмысыңызбен айналысып жатқанда қандай сезімде боласыз? Аяқталған жұмыстарыңызда сатылымға шығарасыз ба? Жеке тапсырыстар қабылдайсыз ба?
– Бұл өнер түрінің қуаты мол. Қалам ұшына мүсін жасаған сәттегі әсер мүлде бөлек. Айтып жеткізу мүмкін емес. Медитация секілді сабырға шақырып, жаныңызды тыныштандырады. Жаңа жобаны бастаған сәтте, ол жұмыс аяқталғанша төзіммен қарауды үйретеді. Әрине, мен жасаған жұмыстарымды сатылымға шығарамын. Жеке компаниялардың тапсырыстарын қабылдай отырып, жасаған жұмысымда әлемнің түкпір-түкпіріне жібере аламын.
– Осы уақытқа дейін қанша туынды жасап шығардыңыз? Оларды қайда сақтайсыз?
– Санап қарасам төрт жылдың ішінде 150-200 дана қалам ұшына мүсін жасап шығарыппын. Кейбірі әлі күнге дейін топтамамның ішінде болса, кейбірі сынып ысырап болған. Алайда, мен оларды арнайы қобдишада сақтаймын. Ал, кейбірі жеке тапсырыстармен сатылып, біразы әлемдегі өнерсүйер қауымның топтамаларының қатарына қосылуда.
– Өткен жылы бір сұхбатыңызда демеуші тапсам, көптеген жобаларым бар дедіңіз. Бұл тақырып бойынша сізге қолдау білдіретін демеуші таптыңыз ба? Құпия болмаса қазір қандай жобалармен айналысып жатырсыз?
– Өкінішке орай 4 жылдан бері демеуші іздеп жатырмын. Бұл мәселені шешу жолын әлі де таппадым. Бірқатар жобаларым мүмкін еместіктен өз кезегін күтіп тұр. Тіпті, технологиялық құрал-жабдықтарға деген қажеттіліктер де бар. Күндердің бір күні өнерге деген құрметі жоғары адамның қолдау білдіретініне сенімім мол. Қазіргі таңда отандық және шетелге танымал жеке есімім бар, сондай-ақ, бейнелеу туындыларым бар. Сонымен қатар, бірнеше жеке компаниялардың логотиптерімен жұмыс істеймін. Содан кейін сериялық топтамалар мен сериялық концепсиялармен айналысамын.
– Осы уақытқа дейін қанша көрме ұйымдастырдыңыз? Жаңа көрме ұйымдастыру жоспарыңызда бар ма?
– Кәсіби түрде 9 көрме өткізілді. 2020 жылға арналған жаңа көрме өткізу жоспарларым мен кездесулерім жалғасын табуда. Биыл Америка мен Еуропада өткізуді мақсат етіп отырмын. Егер бәрі ойдағыдай болып жатса аз дегенде екі көрмені халықаралық дәрежеде ұйымдастыруды армандап жүрмін. Бұдан бөлек әлем бойынша көрме өткізу ұсыныстары түсіп жатса қарсы емеспін. Егер ұсыныс болса Қазақстанда да көрме өткізуді қалаймын.
– Жасаған туындыларыңыздың ішінде қайсысын ерекше жақсы көресіз?
– Маған бұл сұрақ көп қойылады. Бұл сауалға менің бір ғана жауабым бар. Қай балаңызды ерекше жақсы көресіз? Әрине, оларды бір-бірінен бөліп қарай алмаймын. Әр туындымды айрықша жақсы көремін. Олардың әрбірімен ұзақ жолдарда, қайғы мен қуаныштарда бірге болдық. Тіпті, ащы тәтті естеліктерді де бірге өткердік. Олардың әрбірі маған рухани күш береді. Егер сол қаламсап пен түрлі түсті қарандаштар менің қолымда пайда болып, жаңа пішінге енсе, ол дүниеге қайта келгендей, өлмейтін өнер туындысына айналады. Бұл туындылар әлемде менен басталатын із қалдырады. Мен бұған өте қуаныштымын.
– Болашақта ізбасарыңыз болатын шәкірт дайындау ойыңызда бар ма?
– Әрине. Мен жеке шеберханамда 4-5 сағат топтық сабақтар ұйымдастырамын. Оқуды жалғастырғысы келетіндерге қосарланған тренингімнің жобасын ұсынамын. Ал, көп үйреніп, білгісі келетін, өнерге қызығушылығы бар жандарға бірнеше айға арналған сабақ жобасын ұсынамын.
Сұхбаттасқан: Айбат ТЕМІРЖАН