Bugin
Алматы прокуратурасы балаларды сату туралы хабарландырулар орналастырылған шетелдік интернет-ресурсты анықтады. Бұл туралы ведомство өзінің ресми сайтында жазды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Прокуратура мәлім еткендей, сайтта жаңа туған балаларынан бас тартқысы келген әйелдер заңмен белгіленген тәртіпті бұза отырып, уәкілетті органдар мен соттың тиісті шешімінсіз бала «сатып алуды» ұсынады.
Сонымен қатар аталмыш ресурста балаларды керісінше асырап алғысы келетін адамдардың да хабарландырулары орналасқан.
Қадағалау органы «Неке және отбасы туралы» кодекстің 196-бабына сәйкес тауып алынған, тастанды (бас тартқан) баланың тууы ішкі істер органдарының, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, білім беру ұйымдары әкімшілігінің немесе бала орналастырылған медициналық ұйымның өтініші бойынша тауып алынған, бас тартылған немесе қалдырылған күннен бастап жеті тәуліктен кешіктірілмей тіркелуге тиіс екенін еске салды.
«БАҚ туралы» заңның 2-бабының 4-тармағына сәйкес, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға тыйым салынады.
- «Осыған байланысты Алатау ауданының прокуроры сотқа сайтты заңсыз деп тану және оның Қазақстан аумағындағы қызметін тоқтату туралы өтінішпен жүгінген. Сот қадағалау органының өтінішін қанағаттандырды», - делінген хабарламада.
Материалдар Қылмыстық кодекстің 128-бабында көзделген қылмысты жасау, яғни адам саудасы мәніне тексеру жүргізу үшін құқық қорғау органдарына жіберілді.
Аталған қылмыстық құқық бұзушылық бойынша заң бұзушының мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.