Bugin
Танымал «5:32» веб-сериалын шығарушылар «Протоколдан тыс. Қазақстандағы атышулы қылмыстар құпиясы» кітабының авторы Асқар Жалдинововтің мәлімдемесіне қатысты жауап берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Жалдиновтың сөзінше, Salem Social Media сериалда оның рұқсатынсыз сюжеттерді пайдаланған. Salem Social Media компаниясының өкілдері әлеуметтік желіде ешқандай сотқа дейінгі арыз алмағанын мәлімдеді.
«Достар, 5:32 веб-сериалының көрермендері, өткен тәулікте біз БАҚ беттерінен "Salem" командасы мен веб-сериалды түсіргендерді плагиат жасады деп айыптаған бірнеше жазбаны көрдік. Алайда Salem Social Media мен Әлішер Утев қазіргі уақытта ешқандай сотқа дейінгі шағым алған жоқ, Асқар Жалдиновтің интеллектуалды меншік құқығы бұзылған жоқ. Себебі сериал секілді кітап та елдің қылмыстық тарихындағы фактілер мен оқиғалардан тұрады. Оқиғалар мен фактілер жайлы хабарлама авторлық құқықпен қорғалмайды. Оқиға мен фактілердің шығармашылық интерпретациясын кез келген тұлға жасай алады», – деп жазды олар.
Сонымен қатар сериалды шығарғандар Асқар Жалдиновті екінші кітабын көпшілікке таныстыру үшін «5:32» сериалындағы үзінділерді қолдану арқылы авторлық құқықты бұзды деп айыптады.
Сондай-ақ компания өкілдерінің пікірінше, ұрлық туралы айып команда жұмысы мен компанияның іскерлік абыройына кері әсерін тигізеді.
Компания алдағы уақытта өзінің іскерлік атақ-абыройы мен интеллектуалды меншік құқығын қорғамақшы.