Woman

Мұхтар Мағауин: Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі

Қазақ қызы бұрынғыдан да сұлу көрінеді маған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі.

Ежелгі епостағы Гүлбәршін мен Құртқа, Ақжұныс пен Назым. Шежірелі тарихтағы Домалақ-ене мен Қыз-ене, Айша-бибі мен Абақ-ана. Таңбалы тарихтағы Қасым ханның аналары Жақсы-бике, Абайдың анасы Ұлжан, арыдағы, Алаштың тұлғасы болған тағы қаншама алыпты туғызған, есімдері сақталмаған әулие аналар, берідегі ел билеген Айғаным мен қол бастаған Бопай – қазақ әйелінің асқақ әрі нақты көрінісім сондай болдық күні кешеге дейін. Өзім көзбен көрген қазақ әйелінің ең үздік үлгісі, ең жарқын бейнесі –Үлкен Әжем еді (менде екі Әже болды). Бесіктен алып қаз тұрғызды, әлпештеп өсірді, мейір-шапағатын аямады, бір маған деген ықыласы жарым дүниені жылтуға жетер еді. Шынындада маған ғана ана емес, қаншама жетімге пана болыпты, ізгілігі алыс-жақынға бірдей аңыз екен. Менің Әжем, сол кездегі басқа әжелер, басқа аналар… Әркім есіне түсірсін. Бәрі де ғажайып еді ғой. Өз Әжем, өз анам болғандықтан деп ойламаңыз, ақиқат шыны солай. Сіздің әжеңіз, сіздің анаңыз ең алдымен қазақ еді, қазақ әйелі бар жақсылық осы жалғыз сөздің аясына сияды.

Бүгінге келсек… Бүгінгі қазақ әйелінің бойынан өткендегі әжелерімізге тән асыл қасиеттердың бәрі бірдей табыла қоймайды. Бірақ, тақи-таза махрұм емес. Әйел – ұлттың айнасы, сондықтан, айқынырақ көрінеді. Сонымен қатар, қазақ әйелінің ұлтымызға тән қайрат пен еңбек, қайсарлық пен шыдам, ізгілік пен жанашырлық сияқты абзал қасиеттерді көбірек сақтағанына көз жеткізіп отырмыз. Бұған жалғыз-ақ мысал, жабайы нарық қысып, жаппай жұмыссыздық жайлаған, ер-азаматтар сенделіп бос қалған, есенгірегені –балаларының нандық ақшасын араққа салып, «еті тірілері» жаппай ұрлыққа бет қойған заманда әйелдеріміздің тұрмыстың барлық тауқыметын көтеріп, отбасын жалғыз өзі асырауға айналғаны. Жаугершілік, шапқын күндеріндеде қазақ әйеліне мұншама ауыр салмақ түспеген еді. Ал, біздің ерлеріміз, балпылдап бос жүріп, сол әйелге кінә қойғысы келеді. Қазақ осы жолғы жұттан аман шықса, бұл – елдің, алдымен қазақ әйелінің арқасы болмақ.

Шаңырақтан тыс тілегі жоқ, бала-шағадан басқа мұраты жоқ қазақ әйелі бейнеттн құтылар, бет-әлпетін айқындар күн де көп күткізбес, соның жақсы жоралғысы – бүгінгі жас қыздарымыз.

Қазіргі қазақ қызы осы заманғы қым-қиғаш өмірдің барлық саласына еркін араласып, тұрмыста ғана емес, әлеуметтік орта, қоғамдық құрлым өрісіндеде елеулі орын алмақ ыңғайын танытып отыр. Жаңа тұрпатты, әрқилы тұрпаттағы үлкенді-кішілі кезкелген мекемеге барыңыз – компьютерде отырған қазақ қызын көресіз. Бір кездегі орыс тілі сияқты, тұрмыс-тіршілік үшін аса қажетты құралға айналған шет тілдерін де қыздарымыз алдымен игерді. Қолғанат, қызметкер ғана емес, өздері бастап кіріскен іскер қыздарымыз бар. Журналистикағада, ғылым мен өнер саласында мемлекеттік әртүрлі мекемелерде бой көрсетіп жүрген қыздарымыздың ой-санасы, қаблет-дәрежесі бұрынғыдан басқаша. Ең аяғы, оқу емес шоқу мұрат болған заманда білім жолынан айнымаған қауым-тағы да осы нәзік жыныс, өзіміз үкілеп өсірген қыз балалар әзірше үлкен мәртебеге ілінген жоқ, жастары жетпей, үлгірмей жатыр; бұлардың үлесі – алдағы ХХІ ғасырда.

Жаңа ғасыр, жаңа заманда қазақ ұлысының құт-берекесі, ошақ-ұйтқсы, абзал анасы болуға тиіс қыздарымыздың баба қанымен дарыған ақыл-парасаты, қажыр-қайраты, әдеп-мінезі турасында емес, сұлулық турасында еді. Алдыңғы кезекте айтпасқа болмайды. Өйткені – әлемдегі әйел затының аруы – қазақ қызы.

Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі. Бірақ, осыны қазақтың өзі білеме екен? Білген. Абай заманында, Мағжан заманында. Тіпті біздің әке, ағаларымыздың тұсында. «Айттым сәлем қалам қас» кімге арналды? «Желсіз түнде жарық ай» кіммен табыстырылып еді? «Шолпысының сылдыры» жүректі жандырған кім? «Қара шашы мойынға оралып», жан-дүниені еріткен кім? «Көзінен күн шұғыласы көрінген» қазақ аруы болатын. Ал, қазір…

Жаңа заман, жаңа салт, дәстүр, жаңаша бой түзеу, жаңаша киім үлгілері… Қазақ қызы бұрынғыдан да сұлу көрінеді маған. Бұл өзгеше жағдайға алғаш рет біздің әйел – алты баланың анасы, қаншама немеренің әжесі болып отырған біздің бәйбіше назар аударған еді, теледидар қарап отырып: «Қазіргі қыздар қандай әдемі!- деді,- бәрі де сұлу». Өзінен өткен, ұрпағына жеткен, қызғаныш емес, сүйініш. Мен де таңырқай қарап қалыппын. Кейінгі балаларға көз тоқтатпаған екем. Сонымен көп ұзамай, Баянауылға жол түсті. Жаңа ғана жұртыммен қайта-қайта табысқан Жүсіпбек Аймауытовтың жүз жылдық тойы – тамыз, 1989. Табанымыз жерге тиген сәтте бізге – сыйлы қонақтарға гүл тапсырылды, бес етек торғын көйлек, оқалы қызыл камзол, үкілі бөрік киген жас қыздар. Еріндері алаулаған, көздері боталаған, жүздерінен нұр төгілген, үлбіреген өңшең сұлу. Бізге гүл тапсырған соң қымсына толқып, топтанып тұрғанда сүйсіне, тамашалай көз салдым, он бес пен он бес жеті аралығындағы уылжыған жас балалар, бәрі де пәк періште, Мінсіз сұлу. Мен ешқашанда бір жерге осыншама арудың жиналғанын көрген жоқ едім. Заманында өзі де бізді естен тандырған, енді аналық байсал көріктегі бәйбішеме айтып келдім: сен дұрыс байқапсың, қазіргі қазақ қыздары сұлу, бірақ, баянауыл қызы бәрінен де сұлу екен деп. Содан, уақыт оза келе, байқап қарасам, бар қазақтың қызы сұлу екен. Көшеде аңдайсың, әр қилы кездесулерге барасың, ел аралайсың, теледидардан көресің – қазақ қызының көркіне тіл жетпейді.

Мен тым көп болмасада, біраз жер ақтап, біраз жұртты таныдым. Әйел сұлулығы – сирек құбылыс, әсіресе, Еуропада. Оның ішінде айрықша мақталған Францияда арулық қайда, көпшілігі ажарсыз, тіпті, түгел сұлу екен дейікші, бірақ, бұл бөтен сұлулық, қазаққа жат. Сол жат үлгі, жалған үлгінің насихаты біздің өз сұлулығымызды мансұқ етуге алып келді. Сұлулық туралы ғасырлар бойы қалыптасқан шынайы, ұлттық таным, түсінік тәрік етілді. Қолымыздағы қазынаның бағасын танымадық, қадырын кетіріп, қасиетынен айырылуға тақадық. «Итке темір не керек» дегендей, біздің сұлулық туралы ұғымымыз ғана емес, ұлттық қазына төңірегіндегі барлық байыбымыз теріске айналды, қазаққа қатыстының бәрі жаман болып шықты, нәтижесінде ұлттың ұйтқысына ірткі түсті. Ер азамат жан серігін жат жұрттан іздей бастады. Сайтанның сары сапалағы сұлулықтың ғана емес, кісіліктің де үлгісі болып қалуға айналды.

Араб, парсы әйелдерінің өзгеше көркі арғы замандардың өзінде аңыз болған. Сұлулық жыршысы, сырлы сезім күйшісі Хожа Хафиз сондай, ертегілік аруларды біле тұра: «Мен түрктің пәк сұлуын тәңіріме теңер ем, – Бетіндегі бір меңіне Самархан мен Бұхараны берер ем!» – дап елбірей шалқыған ғой. Сол ежелгі түрктің қара шаңырағы, тікелей ұрпағы – біз боламыз, сол сұлудың бүгінгі жалғасы – қазақ қызы болады.

Әлбетте сұлулық туралы ұғымның заманына, ортасына қарай, өзгермелі ыспаты бар. Бірақ, түбегейлі емес, сыртқы, қосалқы көрінісі, қосымша, үстеме реңі ғана. Мәселен, бір кездегі қос өрім ұзын шаш әртүрлі кесімдегі қысқа шашпен алмасты, қос етек, бес етек көйлектер күнделікті тұрмыста ұзынды-қысқалы басқа бір үлгілерге ауысты. Ғашық Хафиз түрктің сұлуына: «Опа, далап, бояусыз-ақ арусың…» дегенмен, әйелдің көркін айқындай түсетін әр қилы амалдар барлық замандада болған. Шығыста атаулы өсімдік нәрімен, кейбір жануарлар тәнінен алынып, өзгеше тасылмен бабына келтірілген хош иісті жұпар, иісмайлар, әр қилы шөп-бұталардың сабақ, тамырынан тұндырылып алынған ақ опа, қызыл далап күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылса, мұның бәрі базарлы қатынас заманында бізді арғы әжелеріміздің де көңіл-хошына жат болмаған, сонымен қатар, күні кешеге дейін бой жетер мезгілге тақаған қазақ қызы денесін ақ биенің сүтімен сылаған. Бетін, омырауын осы, жаңа алынған жылы саумалмен жуатын болған, ақ жүзіне шырай қосу үшін еңлікгүлдің тамырынан тартылған қызыл нәрді пайдаланған; яғни, бүгінгі жетілген ажарлама – өткеннің жалғасы. Әрине, мұның бәрі үстеме ыспаттар ғана. Табиғи түр-тұлға өзгермейді, мәселе соны қалай қабылдап, қалай бағалауға байланысты.

Дәл осы жағы – сұлулықты бағалау, түйсіну – ұлттық таным, ұлттық ұғым, түсінікке тікелей қатысты. Әлбетте, адам баласына тән сұлулықтың ортақ үлгісі жоқ емес. Әйел сұлулығының өлшемі-нәзік үйлесім, табиғи жарасым, келісті әсемдік. Көк көз, сары шаш слұлуларда, бұйра бас, қап-қара сұлуларда болуы мүмкін, мүмкін емес, бар, көзбен көргенде еріксіз мойындайсыз, мойындап қана қоймайсыз, сұқтануыңыз хақ. Бірақ, бұл қазақи сұлулық емес, егер сіз шын қазақ болсаңыз, ең алдымен қазқи сұлулыққа табынуға тиіссіз. Көрікті болмасада, келісті жар таңдасаңыз, ең алдымен ұлтымыздың үлгісін тануымыз керек. Ауытқулар, аралас неке барлық уақыттада болған, бірақ, халық қасиетін, ұлт ұлағатын сақтауы үшін мұндай айнулар бөлшек, немесе бірнеше пайыздан аспауға тиіс. Ұлттың болашағын таза қазақы отбасы шешеді. Ендеше ең алдымен қазақ әйелін пір тұтайық, ең алдымен қазақ әйелінің сұлулығын танып, бағалай білейік.

Қазақ қызы – бидай өңді, дөңгелек жүзді, қара көз, қара шаш, қыр мұрын, қалам қас, оймақ ауыз… Әлбетте бұл ортақ бір пішін. Бажайласақ, реңдік өзгешеліктер бір шама. Аққұба болады, қара торы болады, ақ сары болады, пісте мұрын болады, тәмпіс мұрын болады, құсмұрын да кездеседі. Қара көздың өзі сан қилы, көкшілі, тіпті, жасылы болады, бірақ, шүңірек емес, томпақ емес, тым қиық та емес. Қиғаш қастарда, жирен шаштарда табиғи көрінеді. Осының бәрі әдемі, бәрі жарасымды. Өйткені, қазақ деген үлкен елге хас, жинақтап келгенде, ұлттық рең, ортақ сыпат аясынан табылатын белгілер. Бір тұқымға тән, тұрақты, қалыпты бейне, ішнара өзгешеліктер нәсілдік емес, жекелік сыпатта. Қайткендеде қазақ екені жазбай танылады.

Арыдағы қазақтың түр-тұлғасы қазіргіден мүлде басқаша болған деген теріс түсінік бар. Алтайдағы ежелгі Ғұн-Түрік заманының қаншама қазынасы сақталған Пазырық, Күдіргі, Бесшатыр қорымдарынан табылған, тобылғы түтініне ыстап қатырған мумиялардың бүгінгі қазақтан айрым белгісі байқалмайды. Әрине, ұзақ тарих кешуі – жиырма, жиырма бес ғасыр орайында халықтың түр-тұлғасы қаз-қалпында қалмайды, әйткенмен, осыншама заман, дәуірлер бойы іргелі елдігінен айырылмаған, саны мол болып, басқа бір насылмен жаппай қан аралас қойыртпаққа түспеген біздің жұрт өзінің ұлттық түр-тұлғасын айқын сақтады. Әрине, ақ артық емес, қара кем емес деген сияқты, бізге тән құбақан түстің де артық иә кем сыпаты жоқ, бәрімізде адам ұлымыз; деседе Тәңірі еншілеген түр, сыпатымыз сақталғаны лазым, өйткені, түрі бөлек ұрпақтың мұраты да басқа болады, бір халық жер бетінен өшіп, оның орнын бөтен бір халық басты деп біліңіз.

Аралас неке адамзат тарихында ежелден келе жатқан құбылыс, алдағы уақытта да ұшыраса бермек, кейде мұның қан жаңартуға да пайдасы бар, 18-ғасырдағы Бұхар жыраудың: «Қатының болсын қалмақтан!» деп насихат айтуы тегін емес, бірақ, ол кезде қалмақ қызы – асса екі әйелдің бірі ғана, шабындыдан келеді, жаппай, қаурыт өсім үшін қажет болады, соның өзінде осы Көмекей-әулиенің «Қонысың болсын қазақтан!» деп ескерткені бар, ұлттық ұйығыңды, дәстүр, тегіңді сақта деген сөз, ал, біз қоныстан тықсырылдық, тілде жартікеш жағдайға көштік, байырғы салт-дәстүрлер көмескіленді, қазақ шаңырағы ұлттық кейпінен айырыла бастады. Сондықтан, халқымыздың дамуының жаңа бір тарихи бейнесі, ұлттық мемлекеттің жаңғырып, қайта қалыптасуы кезеңінде: «Қатының болсын қазақтан!» деп ұрандауға тиіспіз.

Қазақ халқының болашағы бүгінгі қазақ әйелінің құрсағында шешіледі, бағзыдан келе жатқан айнымас шындық. Қазақ әйелі – бар мұратын отбасының игілігіне байлаған, әлемдегі ең ізгі әйел. Қазақ әйелі – бар тілегін перзентінің жолына арнаған, әлемдегі ең мейірбан әйел. Қазақ әйелі – бар бақытын некелі ерінің талайынан күткен, әлемдегі ең адал әйел. Ұлттың ұйтқысы. Ұрпақтың анасы. Солай болған, солай бола беруге тиіс. Болмас қисыны жоқ, неге десеңіз, бұл әйелдің бойында сиқырлы, құтты, өзгеше қасиет бар, оның аты – Сұлулық: жан сұлулығы, тән сұлулығы… Ол рас, әлемдегі ең Сұлу – Қазақ әйелі!