Қоғам
Алматы облысының прокуратурасы үш жасар қыздың өліміне қатысты істі тергеп жатыр. Бұл туралы Bugin.kz порталы Almaty.tv. арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ая Әділбекова қазанның 6-нан 7-не қараған түні қайтыс болды. Алматы облыстық клиникалық ауруханасының дәрігерлері геморрагиялық инсульт екенін айтты. Баланың анасы қайғылы жағдайға ауданаралық аурухана медицина қызметкерлерінің салғырттығы себеп болды деп отыр. Барлығы қазанның 4-і күні Әсел Даниярованың Еңбекшіқазақ ауданаралық ауруханасына баруынан басталды. 3 жасар Аяның қызуы көтеріліп ауруханаға келген. Анасының айтуынша, дәрігерлер оны және қызын үш күн бойы осы аурухананың кабинеттерін аралап жүргенімен, қажетті көмек көрсетпеген.
«Тексеру визуалды түрде жүргізілді. Олар талау жасатпай тексерді. Картаға қарамады. Карта қолымызда болды. Бізді жұқпалы аурулар бөліміне жіберді. Олар инфекция көріп тұрған жоқпыз деді. Өйткені баланың жағдайы қалыпты», - дейді А.Әділбекованың анасы Әсел Даниярова.
Содан кейін анасы қызымен үйіне қайтқан. Келген соң көп ұзамай Аяның жағдайы нашарлап, құлап қалды. Аяқ-қолдардың ісінуі басталды. Дәрігерлер зардап шеккен аймақты ғана рентгенге түсірген. Сүйектің зақымдануы анықталмаған соң тағы да үйлеріне жіберілген.
«6 қазан күні түсте қызымды алып қайта келдім. Содан кейін олар қан талдауын жасатып, қандағы тромбоциттер аз екенін білді. Тромбоциттер 80 ғана болды. Өтеген батыр ауылындағы ГРЭС-ке, жансақтау бөліміне жіберу үшін жедел жәрдем күту керек деді. Ал түнде қызымнан айырылып қалдым», — дейді Әсел Даниярова көз жасын әрең басып.
«Қазір осы оқиғаға тікелей қатысы бар қызметкерлер жұмыстан шеттетілді. Үш дәрігер жұмыстан шеттетілді. Өтініш пен құжаттармен бірге Алматы облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне жолданды. Қазір мемлекеттік орган осы іске қатысты тексеріс жүргізіп жатыр», - деді Еңбекшіқазақ аудандық прокуратурасының аға прокуроры Медғат Қабдылқайыров.