Bugin

«5 жасар қыздың басы мен денесі қоқыстан табылды»: анасы мән-жайды бөлісті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жетісу облысының Сарқан ауданында қоқыстан басы мен денесі бөлек табылған 5 жастағы қыздың анасы мен нағашы ағасы сот алдында жауап берді. Олар бүлдіршінді өлтірмегендерін, бала сырқатынан қайтыс болғанын айтады. Ал жасамаған қылмысын полицейлердің қысымынан кейін ғана мойындағанын мәлімдеді. Бұл туралы Информбюро бағдарламасында хабарланды. 

Бес жастағы Аружанды «өлтірді» деген күдікпен оның 20 жастағы анасы Ақниет пен туған нағашы ағасы Ақтілек ұсталған. Екеуіне «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылған. Сот-медициналық сараптамасында баланы қылқындырған соң өлгені көрсетілген. Бірақ анасы мұны мойындамады. Айтуынша, Аружанды өзінің нағашы ағасынан босанғандықтан, бала аурушаң болған әрі сол сырқатынан көз жұмған.

«Мені нағашы ағам зорлаған. Одан 14 жасымда сал бала босандым. Бастапқыда баланың шетінегенін, барлығын айтқанбыз. Бірақ екінші жауап адвокатсыз, ұрып-соғып алынған. Қысыммен «иә, баланы өлтірдік» дедік», – деді анасы Ақниет.

Ақтілек «қорыққандықтан» баланы арулап жер қойнына тапсырмай, мәйітін қоқысқа лақтырғандарын айтады.

Істі болған анасы мен ағасы баланың өлімі жайлы не полицияға, не баланың мүгедектігіне зейнетақы төлеп отырған мекемеге де хабар бермеген. Ал марқұм Аружан 3 жасына дейін бөбектер үйінде, кейін анасының туысы болып келетін Бақытгүл Өскенбаеваның қолында болыпты. Оның айтуынша, Аружан ауырмаған, бұл жағдай баланы анасы алып кеткен соң болған. 

«1 жастан 3 жасқа дейін мүгедектерге арналған үйде тәрбиеленді. Содан кейін төрт жасынан бастап 9 ай бойы мен қарадым. Сол күні келінім мен ұлым келіп алып кетті. Сол күні кешке жақын Талдықорғаннан бауырын шақырып, өлтіріп тастаған», – деп мәлімдеді Сарқан ауданының тұрғыны Бақытгүл Өскенбаева. 

Жантүршігерлік қылмыс осыдан бес ай бұрын Сарқанда болған. Бес жасар қыз баланың денесі бір бөлек, басы бір бөлек күйінде қаладағы қоқыстан табылды. Сараптама нәтижесінде мәйіттің қоқыста үш ай жатқаны анықталды. Ал осы қылмысқа қатысты сотталып жатқан анасы қазір үшінші баласына аяғы ауыр. Егер сотталушылардың кінәсі дәлелденсе, 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.