Әлем

Ауғанстандағы талибандар әйелдердің университетте оқуына тыйым салды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ауғанстанда биліктегі Талибан қозғалысы ауған әйелдерінің алдағы уақытта университетте оқи алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ВВС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, елдің білім министрлігі таратқан мәлімдемеде әйелдердің университеттерге кіруіне шектеу бірден күшіне енетіні және бұл шектеудің қанша уақытқа созылатыны белгісіз делінген.

Аталмыш елдегі (Қазақстанда экстремистік деп танылған және тыйым салынған) Талибан қозғалысының бұл шешімінен соң әйелдер білім алу мүмкіндігінен айырылмақ. Өткен жылы да тәліптер қыздардың орта мектептерге баруына тыйым салған еді.

Ауғанстанда ЖОО-на оқуға түсу емтиханы үш ай бұрын өтті. Оқуға түскендер арасында мыңдаған қыз-келіншек бар. Алайда әйелдерге ветеринария, инженерия, экономика және ауыл шаруашылығы мамандықтарын меңгеруге тыйым салынған, ал журналистика саласын таңдауға қатаң шектеу қойылған.

Өткен жылы Талибан Ауғанстандағы билікті басып алғаннан кейін университеттер бөлек оқу ақысын енгізді. Сонымен қатар ерлер мен әйелдер оқу ордасына басқа есіктен кіретін болған. Сондай-ақ қыз-келіншектерге белгілі бір жастан асқан ер адамдар немесе әйел адамдар ғана сабақ бере алатын болды.

Талибандардың шектеуі тек бұл ғана емес. Қараша айында Кабулдағы әйелдерге қалалық саябақтарға кіруге тыйым салынды. Билік мұндай әрекеттер шариғат нормаларын бұзады деп санайды. Сол уақытта Ауғанстан астанасында әйелдерге бассейндер мен спорт залдарына баруға да рұқсат берілмейтіні хабарланған.