ДАМУ
Қазақ халқы ән мен күйге бай. Оларды тыңдағаннан бөлек, шығу тарихына назар аударсаңыз тіпті керемет. Мәселен, дәстүрлі әнге айналуға шақ қалған «Нуриамал» әнін айтуға болады. Шығарманың шығу тарихы да ерекше. Bugin.kz журналисі осы әннің тарихына зер салды.
Алғаш шыққанында Кенжеғали Мыржықпай шырқаған бұл әнді кейін Жұбаныш Жексенұлы нақышына келтіріп айтты. Тыңдарман жүрегінен орын тапқан ән тарихын бірі білсе, бірі білмейді.
Кеңес заманында жаз мезгілінде бос жүретін жас болмаған екен. Тәжірибе жинау мақсатында елдің өзге өңірлеріне басшылық тапсырмасымен барады. Туындының шығу тарихы да осындай үрдіс негізінде пайда болған.
Оңтүстік Қазақстанда Тұрдықылыш Ізтаев есімді композитор мен жары Ханбибі Есенғарақызы тұрды. Сондай бір кештердің біріне ерлі-зайыптылар барады. Оқиға сол отырыстан басталған-ды. Себебі, Нурикамал ару да сол кеште гүлдей құлырып жүрген. Кеш бойы сұлудан көзін алмай отырған Тұрдықылыш үйіне барып ұйықтамаған. Пианиносына отырып, бір ән шығаруға кіріскен. Мазасызданған жолдасының бұл қылығына ақын Ханбибі Есенғарақызы таңданбаған еді. Ақылды әйел бәрін сезген, Нурикамалды да өзі көзімен көріп, сұлулығына тамсанған. Дәптерге шимайлап өлең жазып, күйеуіне апарып: «Міне, ал. Айталмай жатқан сөзің осы ғой» деп тастай салған. Аңызға айналған ән осылай дүние келген.
Уақыт өтсе де, туында әлі маңызын жойған емес. Мұнда тек махаббат хикаясын ғана емес, қазақ қызының қанына біткен тектілікті көруге болады. Кейіннен ақын мен композитордың жолы екіге айырылған. Бірақ оқыс оқиғаға Нурикамал сұлудың еш қатысы болмаған. Ақын Ханбибі мен Нурикамал араласып, сыр алмасып тұрған екен.