Bugin
Илья Ильин Tengri Sport тілшісіне берген сұхбатында 35 жастағы қазақстандық ауыр атлет Владимир Седовтың өз-өзіне қол жұмсауына қатысты пікір білдірді.
Спортшы марқұм Владимирдің отбасына көңіл айтып, бұл бүкіл Қазақстан мен әлемдік спортшылар қауымдастығы үшін ауыр қаза екенін атап өтті.
«Соңғы жылдары байланысымыз үзілген жоқ. Араласатын ортамдағы достарым кейде оған телефон соғатын, бәрі жақсы сияқты еді... Бұл жағдайдың орын алғаны өте өкінішті. Жеке мәселелер көңілсіздіктен туындайды. Мен Владимирдің тарихын білемін, оның өз проблемалары болды.
Ол тым жас кетті… Спортшының отбасына, туған-туыстарына, жақындарына, бүкіл Қазақстанға және әлемдік қауымдастыққа қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Балалар, бір-біріңе қамқор болыңдар. Иә, қазір бәрімізге қиын, бірақ біз жақындарымызға қамқор болуымыз керек», - деді ол.
Илья Ильин 2021 жылы тағы бір қазақстандық ауыр атлет Альберт Линдердің 25 жасында қайтыс болғанын еске салды.
«Осындай екінші жағдай. Шынымды айтсам, әлемдік ауыр атлетикада да, Қазақстанда да спортшылардың ынтымақсыздығы байқалады. Біз күрделі проблемаларды көріп тұрған жоқпыз, тек ауызбіршілік керек. Халық жалақысыз, жұмыссыз отыр. Мұндай сәттерде жасайтын жұмыс жоқ, сонымен отбасында мәселелер басталады, бала-шағаны асырау керек дегендей. Федерацияның өз проблемалары жеткілікті, олар не болып жатқанын түсінбеуі мүмкін. Жігіттерді қолымнан келгенше қолдаймын, бірақ жалғыз өзім не істей аламын? Қазір 30 шақты адам жұмыссыз отыр, оларды не істейміз?», - деп баса айтты зілтемірші.
Спортшы төрт дүркін әлем чемпионы Владимир Седовтың бұлай қаза болуы барлығына белгі болуы керек деп санайды.
«Бір-бірімізге назар аударатын кез келді. Біз өзгеруіміз керек. Федерацияға жаңа басшы келді, бір нәрсе өзгереді деп үміттенемін. Біз өз назарымызды іс-әрекетімізбен көрсетуіміз керек. Ашық диалог жүргізуіміз керек, сонда ғана біз бұл оқиғаларды жеңе аламыз. Қазір көмекке мұқтаж көптеген спортшылар бар, енді оларды құтқару керек», - деп түйіндеді сөзін Илья Ильин.