Bugin
ҚР СІМ Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтарға ел шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін қандай жаза тағайындалғанын мәлім етті.
“10 тамызда Корея Республикасының мемлекеттік шекарасын 2023 жылдың наурыз айында заңсыз кесіп өткен Қазақстанның екі азаматына қатысты сот үкімі шықты. Инчхон қаласының аймақтық соты ҚР азаматтарының әрқайсысына 3 млн корей вон көлемінде (1 млн теңгеден астам) айыппұл салу, одан кейін елден депортациялау туралы шешім шығарды”, – делінген хабарламада.
Айыппұлды сот белгілеген мерзімде (7 күн) төлей алмаған жағдайда, оларға айыппұлды өтеу үшін 30 күн жұмыс істеу мүмкіндігі беріледі.
Қазақстандық дипломаттар ҚР азаматтарына барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетті, олардың туыстарымен және жергілікті құқық қорғау органдарымен тұрақты байланыста болғаны, сондай-ақ сот процесіне қатысқаны атап өтілді.