Bugin

"Қызылорда облысында оқушы аяусыз соққыға жығылды": сот үкімі шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қызылорда облысының Қазалы ауданында мектеп оқушысын соққыға жыққан оқиға бойынша тергеу аяқталып, сот шешімі шықты. Бұл туралы Qaz365.kz тілшісіне жәбірленушінің анасы Ақмарал Төлегенова айтып берді, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Сот отырысы Қызылорда облысы Тасбөгет кентіндегі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен.

"Бұған дейін сіздерге тергеу аяқталғанын айтқан едім. Сот отырысы бірнеше рет өтті. Ең алдымен 31 шілдеде басталды. Одан кейіін 7, 11, 17, 21 тамыз күндері өтті. Соңғысында шешім қабылданды. Судья балаларға 1 жыл 6 ай шартты жаза кесті. Маған тіпті материалдық шығын да өндіріп бермеді. Сәуірден бері баламның қасында болып, емдетіп жүрдім. Жұмысқа енді қосылдым. Оның өзінде қайта-қайта сұранып, сотқа барып жүрдім. Мен бұл жазамен келіспеймін. Өскеменде дәл осындай жағдай болғанда қыздарға 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Бізде оңай құтылып отыр", - дейді Ақмарал Төлегенова. 

Қылмыстық кодекстің 293-бабының екінші бөлігі және 107-баптың бесінші бөлігі бойынша іс қозғалған. Бұл бойынша тіпті күдіктілер 5-8 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені айтылған болатын.

"Сот шешімі әділетсіз. Апелляцияға бергім келеді. Бірақ бәрібір шешімді өзгертеді дегенге сенбеймін. Өйткені "аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін" деген бар. Кімнің ақшасы көп соның дәурені жүріп тұр. Жалғызбасты ана, адвокат жалдауға шамам жетпеген соң, осылай қараған шығар. Үш тергеуші ауысты, сот отырысы қайта-қайта созыла берді. Бір істі екіге бөліп қарады. Үш баладан бөліп тергеді. Кейінгі үшеуімен бізді әлі беттестіруге шақырған да жоқ", - деді жәбірленушінің анасы.

Ол баласының денсаулығы әлі де мәз емес екенін, армандаған оқуына бара алмағанын жеткізді. Бұған дейін баласының бір көзі көрмейтінін, әлі де басы ауыратынын айтқан еді. Көзі сол басы ауырғандықтан көрмей жүрген көрінеді. Ұлы таэквондомен айналысқан екен. Сондықтан болашақта жаттықтырушы ретінде қызмет етуді қалаған. Спорт мектебіне түскісі келгенімен, қазіргі денсаулығына байланысты өте алмапты.

"Жүріп келе жатып, оң аяғы істемей құлайтыны бар. Басым деп көбірек жатып қалады. Қатты жүгірсе, беті ісіп кете береді. Одан бөлек, балама буллинг әлі де жалғасып жатыр. Әлеуметтік желіде неше түрлі қорқытып-үркітіп жазады екен. Ар-намысына тиіседі. Сондықтан Қазалыда тұрғысы да, оқығысы да жоқ. Енді Қызылордада басқа оқуға бермекшімін. Таэквондоны тастамай, алып жүрген арманы босқа далаға кетті", - дейді Ақмарал Төлегенова.

Ол Президенттен, ішкі істер министрі, жоғары соттан соттың қайта қаралып, әділ шешім шығарылуын сұрады.

"Видеода ұрған балалардың туыстары тергеу жүріп жатқан тұста жалдаған өкілдері келіп, "ештеңе істей алмайсыз, кешірім берсеңіз, балалар шартты жаза алады" деп айтқан еді. Сол айтқандары тура келді. Ата-аналардың алдын ала айтқан үкімдері орындалды", - дейді ол.

Еске салайық, 6 сәуірде Қызылорда облысы Қазалы ауданында мектеп оқушыларының арасында төбелес болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің мәліметінше, бас-ми жарақатын алған 15 жастағы оқушы "жедел жәрдеммен" ауруханаға жеткізілген. 

Анасының айтуынша, видеотүсірілімді 5 баланың ішіндегі біреуі түсіріп, ватсап желісіне "Қуандықтарыңды құлаттық" деп мақтанышпен салған. Кейін аудандағы бірқатар сала басшылары қызметтен алынды.

Анасының сөзінше, соққыға жыққан ата-аналардың ішінде "балаң тірі ғой, кешірім неге бермейсің" дегендері де болған. Баланың бір көзі көрмей қалған.

25 шілдеде оқиға тергеліп, іс сотқа жетті. 

Психолог: "Жоғары сынып оқушыларынан қорлық көріп жүргендер де аз емес"