МӘДЕНИЕТ

Инстаграмда оқырманы ең көп 5 қазақстандық парақша

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанның цифрлық нарығындағы ең ауқымды әлеуметтік желі – Instagram. Wunder Digital агенттігінің мәліметі бойынша, 2022 жылы оған 12,6 миллион қазақстандық қолданушы тіркелген.  Мұндай танымалдылықтың себебі, Instagram тек фотосуреттер мен бейнелерді жариялау алаңы ғана емес, ақпараттық платформаға айналып үлгерген.

Қолданушылар мен қызығушылық танытатындар көп болғандықтан, бүгінде бұл желі арқылы кейбірі кәсібін дөңгелетсе, енді бірі өз блогынан ақша табады. Ал бұрыннан халық арасында белгілі жұлдыздар аталмыш әлеуметтік желіде лезде көп оқырманға ие болды. Бастысы - өз аудиториясын қызықтыра алу. Bugin.kz порталы бүгінде Instagram желісіндегі оқырманы ең көп қазақстандықтар кім екенін starngage.com сайтына сүйеніп, біліп көрді.

Ерке Есмахан

@erke_esmahan  - 8,1 млн. 

Танымал қазақстандық әнші Ерке Есмахан инстаграм желісінде өте белсенді. Эстрада жұлдызының аталмыш желідегі алғашқы посты 2012 жылы 11 тамызда жарияланған. Ол әріптестерімен конкурс жеңімпазы ретінде түскен суретіне "Менің өмірімдегі бір белес" деген жазба қалдырған. Қазіргі уақытта Ерке Есмаханның оқырмандарымен тығыз байланыста екенін сторисынан аңғаруға болады. 

Назерке Альмухаметова

@asmr_blogger - 8,1 млн. 

Бұл арудың аккаунтының аты АСМР болғанымен, парақшада АСМР түсірілген видеолар мүлде жоқ. Басты беттегі жазылған ақпарат арқылы парақша иесінің Семей қаласынан екенін және "Ақерке арманы" тобының солисі екенін білуге болады.

Ерболат Жанәбілов

@zhanabylov_e  - 7,5 млн. 

Астаналық қарапайым жігіт Ерболат Жанәбілов бүгінде инстаграмның жарық жұлдызы деп айтуға толық негіз бар. Ерболат өз парақшасында отбасылық құндылықтар мен салауатты өмір салтын дәріптейді. Оның оқырмандарының басым бөлігі қазақстандықтар болғанымен, ТМД елдерінде де блогы өте танымал. 

Эльмира Төлегенова

@elt6i - 7 млн.

Ерболат Жанәбіловтың жары Эльмира Төлегенова да - еліміздегі оқырманы ең көп парақшаның иесі. Эльмира да күйеуі секілді өз блогында отбасын, күнделікті өмірін көрсетеді. Үш ұл тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты жетістіктерін бөлісіп, өзара ойындар мен пранктар ұйымдастырып, қызықты контент ұсынады.

Әлия Байтуғаева

@super.mamasita - 7 млн. 

 

Супермамасита атымен танымал, үш баланың анасы Әлия Байтуғаева да алғашында Instagram желісінде тек балаларының суреттерін фотоальбомдағыдай жариялайтын. Бірақ уақыт өте ол күнделікті тіршілігін ашық бөлісуді қолға алды. Оның әйелдердің өмірі, қарым-қатынас, бала тәрбиесі және мотивация туралы жазбалары көпшіліктің көңілінен бірден шықты.