Bugin
Шымкенттегі прокуратура кеңсесіне келген ер адам өзін өртемек болды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
ҚазАқпарат мәліметінше, оқиға бүгін таңертең болды. Қала прокуратурасының фронт офисіне келген 15-ке жуық адам Еңбекші ауданының полиция басқармасымен тергелген қылмыстық іс бойынша қабылданған шешіммен келіспейтінін айтқан. Сондай-ақ қала прокурорының жеке қабылдауын талап еткен.
Шымкент қаласы прокуратурасының кезекші прокуроры түсіндіру жұмыстарын жүргізуі кезінде ер адамның бірі үстіне бензин құйып, өзін өртеуге оқталған.
Прокуратура қызметкерлері тез арада әрекет етіп, оны тоқтатты.
Ал бір әйел адам өзін нашар сезінгендіктен, жедел жәрдем бригадасы шақыртылып, медициналық көмек көрсетілді.
"Аталған дерек әл-Фараби АПБ-ның АЕК-на тіркеліп, қазіргі таңда тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тексеру нәтижесіне қарай аталған азаматтардың әрекеттеріне заңды баға беріледі" делінген Шымкент қаласының прокуратурасы таратқан ақпаратта.
Айта кетейік,бұған дейін Шымкентте төбелестен соң үйіне барып көз жұмған азамат туралы жазғанбыз.