Bugin
Биыл маусым айында қаруланған ер адамның елорададағы Kaspi банк бөлімшесіне жасаған шабуылына қатысты сот отырысы басталды. Алғашқы сотта банк ғимараты ішінде адамдарды кепілге алу ісі қаралды.
Бұл туралы Bugin.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кетсек, зардап шегушілер мен айыптының адвокаты сот процесін видеоға түсіруге қарсы шықты, ал айыпты Әлихан Мурадов түсірілімге қарсылық білдірмеді.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаевтың сөзінше, айыпталушы Әлихан Мурадов 1993 жылы туған. Ол Жамбыл облысының тумасы.
Оның ісі Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы, оның ішінде 188-бабының 1-бөлігі және 261-бабы 2-бөлігінің 4, 8, 9-тармағы, яғни қару ретінде пайдаланылатын затты қолдана отырып ұрлық жасау және пайдакүнемдік ниетте екі немесе одан да көп адамды кепілге алу бойынша қаралуда.
Тергеу нұсқасы бойынша, сотталушы Мурадов банк бөлімшесіне шабуыл жасар алдында өз-өзіне қол жұмсау мақсатында дәрі ішіп алған. Бірақ препараттың қажетті әсерін алмағандықтан, ол банк ғимаратына шабуыл жасауды ұйғарған. Прокуратураның хабарлауынша, Мурадов мұқтаж адамдарға ақша талап еткісі келген, содан кейін оны қамауға алу кезінде полицейлер атып тастайды деп ойлаған.
“Әлихан Мурадов қолда бар құралдардан жарылғыш құрылғының муляжын жасады. Сыйлық дүкенінен жеңіл тапанша сатып алған. Сол арқылы банк бөлімшесіне шабуыл жасап, банк қызметкерлерін кепілге алды. Осылайша Әлихан Мурадов ҚР Қылмыстың кодекстің 261-бабы, 4-тармағының 2-бөлігінде көзделген әрекетке барды (кепілге алу)", - деп атап өтті прокурор Ақшораев.
Сотталушы өз кінәсін мойындады, бірақ кепілге алу кезінде есірткі қолданбағанын айтты. Сот барысында зардап шеккендердің де пікірі тыңдалды.
"Шынымды айтсам, мен және басқа да кепілге алынған қыздар психологиялық тұрғыдан қатты қорқып қалдық. Сондықтан айыптыны кешірдім деп айта алмаймын, шешімді соттың қалауына қалдырамын", - дейді жәбірленуші Анастасия Лукьянова.
Сот залында айыпталушы жасаған әрекеті үшін кешірім сұрады.
"Кешірім сұрағым келеді. Ешкімге зиянымды тигізгім келмеді", - деді өз кезегінде Әлихан Мурадов сот алдында.
Еске салайық, осыған дейін Алматы облысында екі адам банкоматтан ақша ұрлағаны видеоға түсіп қалғанын жариялағанбыз.