Bugin
Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков
2022 жылы Қазақстанда орташа айлық жалақы 309,9 мың теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 23,8% артық. Инфляцияны ескерсек, сатып алу қабілетінің артқанын көрсететін жалақының нақты өсімі 7,6% болды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Finprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Ер мен әйелді бөліп қарастырсақ, 2022 жылы ерлердің жалақысы орташа есеппен 355,3 мың теңге болып, бір жылда 26,3% көбейген, әйелдердікі — 265,8 мың теңге, 20,7% өсім бар.
Осылайша, жалақы айырмашылығы 33,7% көрсетті. Республика бойынша ерлердің жалақысы орташа деңгейден 14,7% көп болса, әйелдердікі – 14,2% аз.
Өңірлер бойынша ерлердің ең жоғары орташа айлық жалақысы Атырау (631,8 мың теңге), Маңғыстау (590,6 мың теңге) және Ұлытау (489,1 мың теңге) облыстарында, ал ең төменгісі — Жетісу облысында (бар болғаны 226 мың теңге) тіркелген.
Бұл өңірлерде ер мен әйел жалақысындағы айырмашылық та жоғары. Мәселен, Маңғыстау облысында ерлердің жалақысы әйелдердікінен 2 есе, Атырауда — 85,9%, Ұлытауда — 68% артық. Бұл ретте Жетісу өңірінде әйелдер ерлерге қарағанда 3,1% ғана көп алған. Жетісу облысы – әйелдер ерлерден көп табыс табатын жалғыз өңір.
Жалақыдағы ең аз айырмашылық Жамбыл (1,9%), Алматы (2,5%) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (5,5%) байқалған.
Тиісінше әйелдердің ең жоғары жалақысы Астанада тіркелді: бір жыл бұрын 306,7 мың теңге болса, қазір – 365,1 мың теңге. Үздік үштікке Атырау облысы (339,8 мың теңге) мен Алматы (320,1 мың теңге) қалалары да кірді.
Экономика салалары бойынша ерлердің ең жоғары жалақысы қаржы және сақтандыру қызметі (728,7 мың теңге), тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу (678,4 мың теңге), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет (499,2 мың теңге) салаларында тіркелді.
Сондай-ақ қаржы және сақтандыру қызметінен басқа, тұру және тамақтандыру қызметінде (ерлер пайдасына 38,1%) және өңдеуші өнеркәсіпте (33,8%) жалақының ең үлкен айырмашылығы көрініс тапқан.
Білім саласында ғана әйелдер ерлерден көп жалақы алады. Мұндағы айырмашылық – 4,8%, тиісінше 239,8 мың теңге және 251,4 мың теңге.
Әйелдердің ең жоғары жалақысы тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу (535,8 мың теңге), қаржы және сақтандыру қызметі (460,2 мың теңге), ақпарат және байланыс (403 мың теңге) салаларында тіркелген.
"Айына 48 миллион": Еліміздегі банк басшыларының қанша айлық алатыны белгілі болды