ДАМУ

Әлемдегі ең жолы болғыш адам: “7 рет өлімнен аман қалып, лотореядан ұтқан”

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz / Томирис Мұхамеджан

Тағдыр хорват музыкантының басына түрлі сынақ бергенімен, ол әрқашан фильмнің басты кейіпкері секілді соңында аман қалатын. Тіпті ойда-жоқта лотереядан миллион доллар ұтып алады. Бір қарағанда, фильмнің сюжеті секілді көрінуі мүмкін. Алайда мұның бәрі бір адамның өмірінде болған. Bugin.kz тілшісі ерекше тағдыр иесі Фране Селактың басынан кешкен қызықты оқиғаларын ұсынады.

1929 жылы Хорватияда дүниеге келген Фране Селактың өмірі 33 жасқа дейін жайбарақат болады. Ол музыка мектебін бітіріп, балалар хорының директоры болып жұмыс істеп жүреді. Бірақ көп ұзамай музыкант небір түсініксіз жайттарға кезігеді. Түрлі апатқа ұшырап, 7 рет өліммен бетпе-бет келеді...

Пойыз апаты, 1962 жыл

Селак 1962 жылы қаңтарда пойызға мініп, жолға шығады. Пойыз суық, жаңбырлы каньон арқылы өтіп бара жатқанда апатқа ұшырайды. Ауа райы өте қауіпті болғандықтан, пойыз рельстен шығып, өзенге құлаған. Жол апатынан 17 адам қаза тапқан. Ал Фране Селактың тек қолы ғана сынып, аман қалады.

Ұшақ апаты, 1963 жыл

Хорватиялық музыкант 1963 жылы анасы ауырып жатқанын естіп, алғаш рет ұшаққа мінуге бел буады. Алайда Загребтен Риекаға келесі чартерлік рейстің барлық билеттері сатылып кеткен екен. Ол әуе компаниясының өкілдерімен келісіп, ұшақтың артқы жағында стюардессаның қасында отырып барады.

Рейс қонуға аз уақыт қалғанда, ұшақтың есігі кенеттен ашылып кетеді. Сол кезде тек бір адам ғана, яғни Селак ұшып шығып, шөптің үстіне түседі. Ал ұшақ пен қалған жолаушылар апатты жағдайда құлайды. Селак бұл қайғылы оқиға кезінде аман қалған жалғыз жолаушы еді.

Жол апаты, 1966 жыл

Фране Селак автобуспен Сплит қаласына бара жатқан. Бір кезде жүргізуші тізгінге ие бола алмай, автобус өзенге құлайды. Төрт жолаушы суға батып кетеді. Ал Селак жағаға қарай жүзіп шығып, жеңіл жарақат қана алады.

Тағы бір жол апаты, 1970 жыл

Фране көлігін жүргізіп келе жатқан кезде жанармай багы кенеттен өртеніп кеткен. Хорват көліктен секіріп үлгереді. Ол шыққан соң бірнеше минуттан кейін көлік жарылып кетеді.

Жол апаты, 1973 жыл

Хорватиялық азамат соңғы оқиғадан соң, көп ұзамай тағы көлік сатып алып, рөлге отырады. Бірақ үш жылдан кейін тағы сондай жағдай қайталанды. Фране көлігінің қозғалтқышы жанармай сорғысының ыстық майына толып, қайтадан өртенді. Жалын кабинаға желдеткіш тесіктер арқылы енген. Ер адам жарылыс болғанға дейін бір-екі секунд бұрын көліктен шығып үлгерген. 

Осы оқиғадан кейін Селактың достары онымен бір көлікте жүрмеуді шешеді. Ал көбі оны "бақытсыздық шақырады" деп сеніп, байланыс орнатудан бас тартқан.

Апат, 1995 жыл

1973 жылдан кейін Селак 22 жыл тыныш өмір сүрді. Бірақ 1995 жылы серуендеп келе жатқан хорватты автобус қағып кетіп, ол тағы жеңіл ғана жарақат алған.

Соңғы апат, 1996 жыл

Франенің достары онымен бір көлікте жүруден бас тартып, дұрыс таңдау жасады деуге негіз бар. Өйткені 1996 жылы Селак тауда бұрылып жатып, жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысады. Сол мезетте көлік қоршауға соғылып, соққының күші ер адамды көліктен лақтырып жіберді. Осылайша Франенің иесі жоқ көлігі көз алдында 100 метрге жуық биіктен құлаған.

Лотерея, 2003 жыл

73 жасына дейін небір апатты көріп, бәрінен де аман қалған Франені өмірдің ең ғажап тосынсыйы күтіп тұр еді. Туған күніне екі күн қалғанда Фране Селак лотереядан бір миллион доллар ұтып алды. Бұл ақшаға ол үй, қайық және жаңа көлік сатып алады.

Бірақ 2010 жылы музыкант белгісіз себептермен бар байлығын туыстары мен достарына таратып береді. Осылайша бесінші әйелімен бірге ескі саяжайларына кетіп, өмірінің соңына дейін сонда тұрады.

Тағдыры қилы әрі қызықты оқиғаға толы болған жолы болғыш азамат 2016 жылы өмірден өтеді.