Bugin

Қайтуына 10 күн қалғанда көз жұмған сарбаз жайлы жаңа дерек шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Сюжеттен скрин

Түркістандағы шекара қызметінде отан алдындағы борышын өтеп жүрген Нұрғасыр Темірбеков әскерден қайтуына 10 күн қалғанда қайтыс болды. Марқұмның ата-анасына әскери бөлімдегілер сарбаз ауыр темірге бастырылып көз жұмды деген хабар бергенін айтады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

Ата-анасының айтуынша, 19 жастағы Нұрғасыр ешқандай жұмыстан бас тартпайтын өте еңбекқор болған. Отбасы мүшелері сарбаздардың қауіпсіздігі сақталмағандықтан, тұңғышымыздан айырылдық дейді.

Жас жігіт соңғы рет әкесіне қоңырау шалғанда, бітпей тұрған үлкен баспанамыздың құрылысын 10 күннен кейін өзім барып аяқтаймын деп уәде берген. Алайда соның ертесі, 4 қыркүйек күні ұлдарының өлімі туралы суыт хабар келген. Түркістандағы №2037 шекара қызметі әскери бөліміндегілер Нұрғасыр ауыр жұмыс істеп жүріп, темір тор мен жүк көлігінің арасына қысылып көз жұмды деген хабар берген.  

"Балаңыз осындай сеткамен жұмыс істеп жатқанда, екі ортада қыстырылып қалды деді. Ол жерде жедел жәрдем де болмаған. Маған айтқаны, "Камазбен" 3 шақырым жердегі медпунктке апардық деді. Содан кейін таксимен ар жағындағы аудан ба, ауыл ма, сол жаққа апара жатқанда үзілді деді. Басшыларға күмәнім бар. Ешқандай қауіпсіздік ережелері сақталмаған", - дейді марқұм Нұрғасыр Темірбековтың әкесі Мэлс Әбдіраманов. 

Нұрғасыр Түркістандағы шекара қызметіне өз еркімен аттанған. Ата-анасының айтуынша, жауаптылар сарбаз өліміне байланысты кімдердің жазаланғанын, қандай іс қозғалғаны туралы әлі күнге жауап бермепті. 

“Қылмыстық кодекстің 156-бабымен, яғни "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу" дерегі бойынша іс қозғалды. Сарбазға дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетілді”, – делінген Әскери прокуратура хабарламасында. 

Марқұмның ата-анасы Нұрғасырдың өліміне жауапты басшылардың барлығы да жазалану керек деп талап қойды. 

Әскерге кеткен сарбаз құлағы естімей, көзі көрмей оралды

Ақтауда туған қызын зорлаған әскери қызметкер өмір бойына бас бостандығынан айырылды