Bugin

Көпқабатты үйдің кіреберісінде балаларымен ұйықтаған әйел ата-ана құқығынан айырылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Видеодан алынған кадр

Ақтаудағы көпқабатты үйдің кіреберісінде бетон еденде қос кішкентай баласымен ұйықтап жатқан әйел екі айдан кейін ата-ана құқығынан шектелді. Бұл туралы білім басқармасының балалар құқығын қорғау секторының меңгерушісі Жұлдыз Ағманова айтты, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы "Лада" басылымына сілтеме жасап.

Екі баланың анасы 38 жаста. Ол Ақтауға Жамбыл облысынан жұмысқа келіп, пәтер жалдап тұрған. Қазір төрт жастағы үлкен баласы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында. Екі жасар қызы балалар үйінде.

Әйелді әңгімелесуге шақырғанда да мас болып келген. Осы уақыт аралығында ол балаларына бір-ақ рет барған.

Жұлдыз Ағманованың сөзінше, балаларды әйелдің інісі қамқорлығына алмақшы.

"Ол бұл үшін қажетті құжаттарды жинайды. Одан кейін Алматыдағы мекемелер тексеру жүргізеді. Оның қорытындысынан кейін оған балаларға қамқоршы болуға рұқсат береміз", - деді ол.

Айта кетейік, оқиға 2023 жылғы 17 шілдеге қараған түні болған. Видео авторының сөзінше, көпқабатты үйдің подъезінде мас әйел жатыр, қасында тағы екі кішкентай баласы бар. Оқиға куәгерлері полицияға хабарлаған. Ал балалар жаурап қалмауы үшін үйіне кіргізбек болғанымен, балалар қаламаған. Куәгерлер оларға төсеніштер әкеліп берген.