Bugin

"Баланың бөтені болмайды": Орыс ұлтының 4 баласын асырап алған әйел сырымен бөлісті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Орыс ұлтының 4 баласын асырап алған әйел сырымен бөлісті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы "Бәрі ашық" бағдарламасына сілтеме жасап.

Мария Буркина 3 жасында балалар үйіне түскен. Ата-анасы қараусыз қалдырған баланы үкімет балалар үйіне өткізген. Мария балалар үйінде 13 жасына дейін болған. Оның ағасы да сол балалар үйінің тәрбиеленушісі. Оларды жаңа отбасы асырап алған.

"Мен бұл ата-анама өте ризамын. Олар бізге өмір дегеннің не екенін көрсетті. Бұл отбасыға келгенде мен өте таңқалдым. "Бөтен баланы қалай асырап алады?" деген сұрақ болды. Мені алып кететін кезде жыладым. Бірақ бірінші күннен өте қатты ұнады", - дейді ол.

Ал орыс ұлтының 4 баласын асырап алған Құнарай Нұрғазина балаларды асырау да, олармен тіл табысу да қиынға соқпағанын айтады.

"Біздің ауылдың адамдары балалар үйінен бала асырап алып жүрді. Мен көп ойландым. Күйеуім "ойланба, барып алып кел, үлкен отбасы болған жақсы ғой" деді. Сомен барып төрт баланы бірден алып келдім. Бірден бермейді ғой баланы. Бәрін тексереді. Баланың аты бала ғой. Бөтен бала болмайды. Өзімнің үш балам бар. Асырап алғандарым да өзім туған балалар сияқты", - дейді Құнарай Нұрғазина.

Мария Буркина өзінің туған ата-анасын сағынбайтынын айтты. 

"Олар өмірден өтіп кеткен. Қазіргі ата-анам олардың орынын ауыстырды. Мен бұларға үйренісіп қалдым. Біз балалар үйінде кезімізде жазда ата-анам келіп алып кететін. Бірақ олар ішеді. Олар бізді үйге қамап тастайтын. Әкеміз бізді ұрып тастады", - дейді ол.

Сонымен қатар Мария өз балалар үйінің шындығын ашты. 

"Басқа балалар үйінде "ұрады, соғады" дейді. Бірақ бізде ондай болған жоқ. Адамгершілігі мол адамдар жұмыс істеді. Балаларға көмектеседі. Сүйіспеншілікпен қарайды. Тыңдамасақ ұрсатын. Бірақ ұрмайтын", - деді Мария Буркина.